Солтүстік Қазақстанда су тасқынына байланысты тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды
Солтүстік Қазақстан облысында күннің күрт жылынуына байланысты Рабочий поселок ауданын су басу қаупі төніп тұр. Ауданда жедел штаб құрылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ауданда құрылған жедел штабқа барды. Сондай-ақ Универсальная көшесінің тұрғындары су басу қаупіне байланысты әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы қарды шығаруға көмек сұрады.
Өңір басшысы Петропавл әкіміне таңға дейін үй маңындағы қарды шығаруды ұйымдастыруды тапсырды. Тұрғындар да өз кезегінде ауласындағы қарды күреуі қажет. Бұл жағдай облыс әкімінің жеке бақылауына алынды.
“Тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін қала әкімдігі мен төтенше жағдай бөлімінің тәуліктік кезекшілігі ұйымдастырылды. Сондай-ақ өтініштерді қабылдайтын орталық диспетчерлік қызмет құрылды. Қазір қалалық қызметтер су сору жұмыстарын белсенді істеп жатыр. Қосымша 50 жаңа мотопомпа сатып алынды, осылайша олардың жалпы саны 92 бірлікке жетті”, – деп мәлімдеді әкімдік.
Фото: Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі
Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде қала басшылығына және барлық коммуналдық қызметтерге тәулік бойы жұмыс режиміне көшуді тапсырғанын айтты. Сондай-ақ ол тұрғын үйлерді су басудың алдын алу үшін су сору және қар шығаруды барынша жеделдету қажет екенін атап өтті.
Бұған дейін Батыс Қазақстанда көпір мен жолдарды қар суы шайып кеткен еді.