Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанда парамен ұсталған Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы айыппұлмен құтылды

Петропавл қалалық соты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Әділет Мұстафиновқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Polisia.kz

Сотталушы делдал арқылы Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне ұн жеткізу қызметтерінде мемлекеттік сатып алу шартын жасасуға жәрдемдескені үшін кәсіпкерден 1 млн теңге мөлшерінде пара алған. Сол үшін шенеунік кінәлі деп танылып, оған үкім шықты.

“Сот үкімімен Әділет Мұстафинов мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ 30 млн теңге мөлшерінде, пара беруші мен делдалға тиісінше 20 млн және 10 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ”, – делінген хабарламада.

Бұдан басқа, енгізілген ұсынымның нәтижелері бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен тиісті ведомстволық бақылаудың және профилактикалық жұмыстың болмауы үшін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Атап айтқанда, Комитет төрағасы әділет полковнигі Т.Жәнібековке, оның орынбасары әділет генерал-майоры М.Аюбаевқа және өздік қауіпсіздік, кадрлық жұмыс және тылдық қамтамасыз ету басқармаларының бастықтарына қатаң сөгіс жарияланды. Осы бұйрықпен Мұстафинов теріс себептермен ішкі істер органдарынан босатылды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Талқылау