Солтүстік Қазақстанда миллиард теңгеге салынған бөгет бір жыл болмай бүлініп жатыр
Солтүстік Қазақстан облысында миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген жаңа бөгет жарылып жатыр. Құрылысы күзде ғана басталған қорған ортасынан қақ айырылып, жарықшақтар пайда болған. Бұл халықты алаңдатып отыр, себебі былтыр осы Былғары зауыт ауданын су басқан. Зәре-құты қашқан жұрт бөгетті тез арада қайта жөндеу керек деп дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Бөгет былтыр қарашада салына бастаған. Тасқыннан кейін тұрғызылған қорған қаладағы Былғары зауыт ауданының тұрғындарын су тасқынынан қорғауға тиіс. Бірақ небәрі екі айдан кейін дәл осындай жарықшақтар пайда болған.
Бөгетте 5 сантиметрге жететін жарықшақ пайда болған. Мұны жылдың басында байқаған жергілікті жұрт бірден шу шығарған. Айтуларынша, құрылысты жаз мезгілінде жүргізу керек еді.
“Бұл бөгетті қыс түсіп, күн суытқанда ғана көтере бастады. Менің ойымша, содан да жарылып жатыр. Қатып қалған балшық дұрыс бастырылмады. Енді көктемде не болатынын айту қиын. Бұл бөгет судан қорғай алмай ма деп қорқамыз”, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Елена Мулинцева.
Арнайы мамандар бөгетті салу кезінде құрылыс компаниясы кемшіліктерге жол бергенін жеткізді. Енді олар тексеріс барысында жазылған актіні сол мердігерге табыстайды.
“Біз жуырда ғана бөгетте техникалық тексеру жүргіздік. Бірқатар кемшіліктер анықталды. Бөгет тұрған жердің ерекшелігін ескеріп, жобаға өзгерістер енгізетін шығармыз. Балшықты жерге бекіту үшін арнайы торлар орнатылуы мүмкін. Одан өзге бөгеттің енін де кеңейту керек”, – деді техникалық бақылау компаниясының өкілі Игорь Киселев.
Ал әкімдіктің мәліметінше, бөгеттің құрылысы толық аяқталмаған. Қазір жұмысшылар олқылықты орнына келтіруге кірісіп кетті дейді. Тиісті жұмыстар көктемге дейін аяқталады деп жоспарланған.
“Енді құрылыс барысында дефектілер пайда болды. Сол дефектілер қазір қайта өңделеді. Оны неден болғанын анықтап, қайта қарап жасаймыз. Сондықтан жұмыстарды аяқтаған жоқпыз. Алаңдауға негіз жоқ”, – деді Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Қазір Петропавлдың жан-жағынан төрт бөгет тұрғызылып жатыр. Осы мақсатта бюджеттен 5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.
2024 жылдың көктемінде еліміздің солтүстігінде Есіл өзені ернеуінен асып, 4 мыңға жуық үйді су басқан еді.