Солтүстік Қазақстанда әкім орынбасары жол сапасына көз жұма қарап, 10 миллион теңге пара алған
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары жергілікті кәсіпкерден пара алғаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Бас прокуратураның мәліметінше, Тайынша ауданы әкімінің орынбасары мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы жергілікті кәсіпкерден жолдарды жөндеу жұмыстарының актілеріне сапасына қарамастан қол қойғаны үшін 10 миллион теңге көлемінде пара алған. Сыбайлас жемқорлықтың болғанын дәлелдейтін айғақтар бола тұра айыпталушылар өз кінәсін мойындаудан бас тартты.
Петропавл қалалық соты прокуратураның ұстанымын қолдап, үш айыпталушыны 3 жыл 6 айдан 7 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырды. Оларға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салынды. Сотталғандар жазаларын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Бұған дейін кәсіпкерден 75 миллион теңге жымқырмақ болған “Алматы су” департаментінің директоры сотталған еді.