"Анасының көзінше жүрек тұсынан пышақ сұғып, мылтықпен ұрған": Шерзат өлімі бойынша сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды
Шерзат Полаттың өлімі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өтіп жатыр. Прокурор айыптау актісін оқыды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шерзат Полаттың өлімі қалай болғанын прокурор баяндады.
Қазір 9 адам айыпталып жатыр:
- Шынасыл Абзал
- Сакиев Равиль
- Белғожаев Шыңғыс
- Аскентай Дархан
- Тоқтаубаев Нұрбол
- Ілиясов Нұрқияс
- Тоқтаубаев Азамат
- Ғалиахмет Дидар
- Ысқақ Думан (кәмелетке толмаған).
Прокурор актісі бойынша 3 қазан 23:22-де Дархан Аскентай масаң күйде Талғарда Менделеев көшесінде “Қамажай” дүкеніне кіріп, 3 бөтелке “Кружка свежего” сырасын және 4 дана темекі алыпты.
“Ол кәмелетке толмаған танысы Әскербекке қоңырау шалып, дүкенде көрсетілген нөмірге 1000 теңге аударсын деді. Ол аударып, Аскентайға түбіртекті жіберген. Аскентай оны Қаржаубай Нұрымовқа көрсетіп, қалған 1000 теңгені қолма-қол береді. Олар 530 теңгесін қайтарды. Аскентай дүкеннен шығып кетті. 23:30-да Шерзат дүкенге кіріп, телефон қарап отырған. 23:47-де Дархан Аскентай қайта келіп, Нұрымовтан телефонын қуаттағышқа қойып беруін сұрады. Қойғасын сыртта тұрады. Шерзат Аскентайды бақылап отырады. Аскентай телефонын алып, сырасын сыртта ішкен”, – делінген айыптау актісінде.
23:52-де Шерзат Аскентай әкесі Қаржаубайды боқтады деп ойлап, оң жақ көзі тұсынан екі рет ұрған. Ал Қаржаубай ұлына ескерту айтып, Аскентайдың бетін жуады, одан кешірім сұрайды.
“Аскентай кешіріміне құлақ аспай, дүкенге Тоқтаубаев Нұрболды шақырады. Ол “Эйфория” деген жерде демалып жүрген. Аскентайдың сөзінен соң Ысқақ Думанмен дүкенге барады. Оны Қаржаубай түсініп, інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты шақырады. Ол Аскентайлардан кешірім сұрап, мәселені ушықтырмауды сұрайды. Сөз арасында Нұрғанат Аскентай 1500 теңге төлемегенін айтып өтеді. Соны естіген Нұрбол құрдастарын жинап кетіп қалады. Бірақ көлікте отырған кезде Аскентай төлем жасағанын айтып, түбіртекті көрсетеді. Сол кезде Тоқтаубаев Нұрбол ашуланып, дүкенге қайтып барады”, – деді прокурор.
Олар Қаржаубай Нұрымовтан төлемдерді көрсетсін дейді. Соңғы болып Светлана К төлем жасаған. Сол кезде Аскентай көзінше дүкенде көрсетілген нөмірге ақша аударады.
“Аскентайдың әрекетіне Нұрымов ашуланып, дүкенде тұрған асүй пышағымен қорқытады. Ал Шерзат әкесін ажыратып, оны дүкенге кіргізіп жібереді. Сол кезде Аскентайдың басқа таныстары, яғни сотталушылар дүкенге жиналады. Белқожаевтың көлігінде Нұрбекова мен Жақсыгелді деген қыздар болған. Шерзат та қолдау көрсетсін деп үш досын шақырады. ”, – деп мәлімдеді прокурор.
00:34-те дүкен алдында бір топ адам болған. Абзал Шынасыл Шерзаттың кәмелетке толмаған досы Махметті ұрады. Соны көріп, Шерзаттың екі досы Махметті алып, қашып кетеді.
“Махметті ұрғанын көріп, Нұрымов пышақпен шыққан. Алайда Белғараев есікті теуіп, Қаржаубайды қайтып дүкенге кіргізіп жіберген. Одан соң аңшылық мылтықпен екі рет атқан. Біреуі қарама-қарсы үйге тиген, екіншісі “мясная лавка-ның” төменгі бұрышына тиген. Шынасыл Абзал Ғайыпбаев Нұрғанатқа және Шерзат Полатқа сабы қоңыр асүй пышағын тыққан. Анасы Бишембиева, әжесі Кадированың көзінше әдейі Шерзаттың сол жақ жүрегіне пышақ тыққан. Сол кезде жасөспірім асфальтқа отырып қалған”, – делінген айыптау актісінде.
Аскентай, Тоқтаубаев, Ғалиахмет, Шынасыл, Сакиев бәрі жабылып, сыраның бөтелке сынығын Ғайыпбаевқа лақтырған, артынша оны ұрған. Одан кейін оған асүй пышақтарын сермеген, Тоқтаубаевтың пышағы тиіп, Нұрғанаттың күртешесін жыртып тастаған.
Ал Қаржаубай Нұрымовтың бетінен бөтелкемен ұрған. Одан кейін Тоқтаубаев Нұрымовты желкесінен ұрған. Әжесі Кадированы Шынасыл итеріп құлатқан. Ал анасын білегінен ұстап жібермей қойған.
“Оқиға кезінде Шерзат "Нұрғанат аға, маған бірдеңе тығып алды" деген, сөйтсе сол жақ қолтық жағына пышақ сұғылған. Сол кезде Нұрғанат "скорая” деп айқайлайды. Шерзаттың анасы Бишембиева баласын құшақтап, арашаламақ болған кезде Шерзатты теуіп, бәкімен басына соққы жасаған, 12 колибрді аңшылық мылтықпен басынан ұрған. Ол анасының оң жақ қолына тиген. Содан соң мылтықтың сабымен Нұрғанатты ұрған. Шынасыл мен Сакиев 01:02-де қоңыр асүй пышағымен Нұрғанаттың жамбасына екі рет сұққан. Салдарынан ол есінен танып қалды”, – делінген хабарламада.
Соның арасында Нұрғанаттың 220 мың теңгелік телефонын да ұрлап кеткен.
Қаржаубай ұлы мен інісін көлікке салып, аудандық ауруханаға апарған.
Ал кәмелетке толмаған Ысқақ “Три семерки” дүкенінің жанына келіп, Шынасылдың пышағын сүртіп, қылмысты жасырғысы келді. 4 қазанда да қылмысты полицияға хабарламады.
Сотталушыларға тағылған айып:
- Шынасыл Абзал – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі “Бұзақылық”, 99-бабы 2-бөлігі 4-5-тармағы “Аса қатігездікпен қасақана адам өлтіру”, 24-баптың 3-бөлігі “Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу”;
- Сакиев Равиль – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі “Бұзақылық”, 99-бабы 2-бөлігі 7-9-тармағы “Аса қатігездікпен қасақана адам өлтіру”;
- Белқожаев Шыңғыс, Аскентай Дархан, Ілиясов Нұрқияс, Тоқтаубаев Нұрбол, Ғалиахмет Дидар, Тоқтаубаев Азамат – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі “Бұзақылық”;
- Ысқақ Думан – Қылмыстық кодекстің 434-бабы “Қылмыс туралы хабарламау”.
Еске салсақ, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды.
Бүгін Шерзат Полаттың өлімі бойынша 9 сотталушы сот залына әкелінгені айтылды.