Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сол жағалаудағылар": Тоқаев "Бәйтерек" пен "Самұрық-Қазынада" басқарушылар көбейгенін айтып, сынға алды

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Бәйтерек” холдингі және “Самұрық-Қазына” қорымен бірге, ұлттық компаниялардың құрылымын қайта қарау керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысының сөзінше, “Бәйтеректі” инвестициялық холдингке айналдыру объективті себептерге байланысты жүзеге асқан. Алайда квазимемлекеттік құрылымдардың ықпалы жеке бастаманың дамуына кедергі келтірмеуі тиіс.

Президент “Бәйтеректің” нарықтық экономикаға ықпалы зор екенін айтты. Сол себепті холдинг қызметі жеке бизнесті ығыстыратын жағдайларға жол бермеу маңызды екенін жеткізді. Президенттің сөзінше, бұл талаптар “Самұрық-Қазына” қорының қызметіне де қатысты.


"Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдинг болып өзгертіліп, оған жаңа міндеттер жүктелді


"Мәселені шешу созылып кетті, халық күтіп отыр": Тоқаев "Самұрық-Қазына" мен үкіметті сынға алды


Тоқаев ұлттық компаниялар мен қор басшыларына нұсқап, басқаруда заманауи әрі сыни көзқарас қажет екенін айтты. Сонымен қатар, президент басқарушы кадрлардың шамадан тыс көп екенін айтты. Оның сөзінше, ұлттық компаниялардың құрылымдары артық қызметкерлерге толы. Оларды Тоқаев “сол жағалаудағылар” деп атады.

“Олар жұмысқа мардымды жегілмейді. Кейде бос отырғаннан іші пысып, сірә, сол себепті әлеуметтік желіде көп уақыт өткізеді. Тіпті күмәнді пікірталастарға да араласады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды”, – деді Тоқаев.

Президент басқару құрылымдарын оңтайландыру, артық буындарды қысқарту және ұлттық компаниялардың жұмыс тиімділігін арттыру керегін айтты. Оның сөзінше, квазимемлекеттік сектор заманауи стандарттарға сай жұмыс істеп, экономиканың дамуына тежеу болмауы керек.

Айта кетейік, бұған дейін Депутат Ерлан Саиров “Бәйтерек” пен бір жылдан бері “Қазцинкті” сатқысы келіп жүрген Glencore компаниясын сынға алған еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 13:16