Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Соқырішекпен ауырған: Қызылордада отадан соң сәбиінен айырылған жүкті келіншек дәрігерлердің жазалануын талап етті

Фото: Сюжет кадрларынан скрин

Қызылордада соқыр ішекпен ауырған 23 жастағы жүкті келіншек дәрігерлердің отасынан соң сәбиінен айырылды. Сол операциядан кейін сәби көтере алмайтын хәлге түстім деген әйел дәрігерлердің жазалануын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Нұрлан мен Гүлім екінші сәбилерін асыға күткен. Келіншектің айтуынша, былтыр құрсақ көтергеніне бес ай болғанда, соқыр ішекпен ауруханаға түскен. Алайда ақ халаттылар жүкті екенін біле тұра, тиісті тексеруден өткізбей ота жасаған екен. Гүлім операция кезіндегі қателерден ішкі ағзасына ірің жиналып, ауруы одан сайын асқынғанын айтты.

“Ішек құрылысым әлі күнге дейін ауырады. Құрылдайды. Қазір дәрімен жүрмін. Ауыр көтере алмаймын. Кішкентай көтердім. Ол өспей, түсіп қалды. Дәрігерлерге көрініп едім, олар енді ағзамның сәби қабылдамай тұрғанын айтты. Жағдайым қиындап барады”, – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлім Әбділдаева.

Сәтсіз отадан соң дәрігерлер Гүлімге тағы бірнеше рет ішкі құрылысына операция жасаған. Содан бері емделу үшін ауруханалардың табалдырығын тоздырып, бір жылдан бері сәби сүйе алмай жүрген жас жұбайлар ақ халаттылардың жазаланғанын талап етеді.



“Арыз Қызылорда облысының прокуратурасына да жазылды. Қалалық ішкі істер бөліміне де жазылды. Қазір 8 ай болды. Еш нәтиже жоқ. Келіншегімнің денсаулығына жауап берсін. Қазір біз 6 ай сайын Астанаға барып көрінуіміз керек. Қаншама армандарымыз бар еді. Енді осы жағдайдан кейін армандарымыздың бәрі көкке ұшты ғой”, – деді Гүлімнің жұбайы Нұрлан Аймағамбет.

Қазір Гүлімнің денсаулығына жауапты мамандар еңбек демалысына кеткен.

STAN.KZ
Сейсенбі, 24 Маусым, 2025 11:22
Талқылау