Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жағдайы ауыр”: Денсаулық сақтау министрі соқыр ішек отасынан кейін комаға түскен 2 жасар қызға қатысты мәлімдеме жасады

Фото: primeminister.kz

Ұлытау облысында екі жасар қыз асқынған соқыр ішекпен ауруханаға түсіп,  жетінші тәулік қатарынан жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қыдың анасы Жезқазған қаласының дәрігерлерін емдеу кезінде қателік жіберді деп айыптайды. Қоғамда қызу талқыға түскен жағдай, денсаулық сақтау министрінің назарына ілікті.

Кішкентай Алиса анасының өтініштері мен әлеуметтік желілердегі жазбаларынан кейін санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізілді. Жезқазған қаласында қыз балаға соқыр ішекке байланысты шұғыл түрде ота жасалып, соқыр ішегі алынды. Қыздың анасы Альбина Кузьмина дәрігерлер оның шағымдарына дер кезінде назар аударғанда, ауыр салдардың алдын алуға болар еді деп есептейді.

"4 желтоқсаннан 5 желтоқсанға қараған түні, шамамен түн ортасында ол айқайлап оянып, ішінің қатты ауырып жатқанын айтып, оң жақ бүйірін көрсетті. Баланы көтеріп алып, күйеуім екеуміз көпсалалы ауруханаға асықтық. Дене қызуы 39,1 градусқа дейін көтерілді. Мен оның соқырішек екенін айтып, талап қойдым. Алайда дәрігер бұл нұсқаны жоққа шығарды", – дейді Альбина.

Анасының айтуынша, толыққанды тексерудің орнына хирургтар клизма жасап, спазмолитик тағайындаумен шектеліп, кейін баланы инфекциялық орталыққа жіберген.

Алайда баладағы ауырсыну мен жоғары температура бірнеше күн бойы басылмаған. Тек 8 желтоқсанда жүргізілген ультрадыбыстық зерттеу жедел соқыр ішек анықтады. Осыдан кейін Алиса шұғыл түрде қайтадан облыстық ауруханаға жеткізіліп, басқа хирург аурудың асқынған түрін растап, жедел ота жасаған.

Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасында балаға диагноз қою қиын болғанын хабарлады. Бала дәрігерлердің бақылауында болып, сондай-ақ "Ана мен бала" ұлттық орталығының мамандарымен қашықтан кеңестер жүргізілген.

"Емдеу барысы ұлттық орталықтың мамандарымен келісілді, олар облыстық көпсалалы аурухана дәрігерлерінің емдеу әдістемесінің дұрыстығын растады. Сонымен қатар, баланың ата-анасы облыстық көпсалалы ауруханаға әрбір жүгінген сайын баланы бақылауда қалдыру жөніндегі ұсыныстан бас тартқанын атап өткен жөн. Соңғы рет олар баланы алдыңғы жүгінуден кейін 16 сағат өткен соң ғана алып келді", – делінген Ұлытау облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жағдайға қатысты пікір білдіріп, Алисаның отбасымен үнемі байланыста екенін атап өтті.

"Диагноз кеш қойылып, шұғыл ота жасауға тура келді. Алиса жедел түрде Астанадағы балалар ауруханасына жеткізіліп, қазір оған қажетті мамандандырылған медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бүгінгі таңда қабыну үдерісіне байланысты баланың жағдайы ауыр күйінде қалып отыр, әрі қарайғы емдеу әдісі нақтыланады. Дәрігерлер баланы аяққа тұрғызу үшін бар күшін салуда", – деп жазды Әлназарова.

Еске салсақ, бұған дейін Жезқазғанда жансақтау бөліміне түскен 2 жасар қыздың анасы дәрігерлерді айыптап, көмек сұрағаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 15 Желтоқсан, 2025 20:39