Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Соқыр болғың келіп тұр ма?: Семей тұрғыны өзін бейтаныс әйел аңдып, қоқан-лоқы жасағанын айтты (видео)

Семей тұрғыны өзін бейтаныс әйелдің аңдып, қоқан-лоқы жасағанын айттыФото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Семей қаласының тұрғыны түнгі уақытта тұрғын үйдің кіреберісінде болған жанжал жайлы жазба жариялады. Қыздың айтуынша, бейтаныс қыз агрессивті мінез танытып, оны қорқытқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Threads әлеуметтік желісінде тараған жазбада Семей тұрғыны басынан өткен жағымсыз жағдайды баяндаған. Автордың айтуынша, оқиға 2026 жылғы 25 қаңтарда түнгі сағат 03:21 шамасында болған. Қыз жұмыстан үйіне қайтып келе жатып, бөтен қызды байқайды, кейін ол қыздың артынан кіреберіске дейін еріп барған.

"Есікті ашқан кезде оны алдымен кіргізейін деп едім, ол қолын сермеп, айғайлап, маған кір деп талап етті. “Не, ақымақсың ба?” деп дөрекі сөйледі. Сол сәттен кейін подъезге кіру қауіпті екенін түсіндім", – деп жазды қыз.

Оның айтуынша, әлгі әйел агрессиясын тоқтатпай, соңынан қалмай, түрлі бопсалау сөздерін айтқан. Сол кезде "Атыңды айт, қане. Соқыр болғың келіп тұр ма?" деп қоқан-лоқы көрсеткен. Қатты қорыққан қыз туысына қоңырау шалып, көмек сұраған.

"Тек солай ғана үйге кіре алдым. Ол менің артымнан кіруге тырысты, бірақ нағашым есікті жауып үлгерді. Содан кейін ол нағашымды да боқтай бастады", – делінген жазбада.

Автор болған жағдайды видеоға түсіре бастағанын да айтқан. Осыдан кейін бөтен қыз жағдайдан түк хабарсыз болғандай кейіп танытқан. Артынша қыздың видео түсіргеніне ашуланған.

"Қазір кеш болып қалды, бірақ әлі күнге дейін қорқып жүрмін. Ол енді мені күнде немесе түнде әдейі күтіп жүрмей ме?" – деп қыз алаңдаушылығын білдірді.

Оқырмандардың пікірінше, бұл жағдайдың артында психикалық ауытқудың белгілері болуы мүмкін. Кейбірі оның жүріс-тұрысы, көзқарасы, дауыс ырғағының өзгеруі секілді ерекшеліктерге назар аударып, мінез-құлқы қалыпты адамға ұқсамайтынын айтты. Тағы бір оқырман ресми органдардың азаматшаның арнайы есепте тұрғанын растағаннан кейін ғана жағдайдың шын мәнінде күрделі екенін түсінгендерін жазды.

Оқиғаға Абай облыстық полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, жарияланым бойынша тексеру жүргізілген.

"2026 жылғы 25 қаңтарда сағат 03:21 шамасында Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданындағы үйлердің бірінің кіреберісінде екі азаматша арасында сөздік жанжал болғаны анықталды", – деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдарының дерегінше, жанжал кезінде 24 жастағы әйел қоғамдық тәртіпті бұзып, бейәдеп сөздер айтқан.

"Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, сұралды. 24 жастағы азаматшаға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Азаматшаның бейінді мамандардың арнайы есебінде тұрғаны ескеріле отырып, медициналық сипаттағы шараларды қолдану мәселесі заңда белгіленген тәртіппен қаралады", – деп қосты полиция өкілдері.
Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қаңтар, 2026 16:17