Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құдды соғыс болғандай: Жарылыстан кейінгі Арыстың жай-күйі

24 маусым  күні таңертеңгі сағат тоғыз жарымдар шамасында Түркістан облысы, Арыс қаласындағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасынан шыққан жарылыс күллі елді есеңгіретіп жіберді. Арыстағы қазіргі ахуал қандай? Stan.kz ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісі жарылыстан кейінгі Арыстың бүгінгі кейпімен танысып қайтты.

Арыстағы жарылыс

Қала тура бір соғыстан қалғандай кейіпке енген. Әсіресе әскери бөлімшеге жақын жердегі аумағы тіпті жантүршігерлік жағдайда. Тек үйлер емес, түрлі кәсіпкерлік нысанның түгі қалмай қираған. Төтенше жағдайлар комитетіндегілердің алдын ала мәліметінше, қаладағы ғимараттардың 80-90 пайызына зақым келген. 

Біз төтенше жағдайлар қызметіндегілер рұқсат еткен аумақты ғана көзімізбен көруге мүмкіндік алдық. Қалған жерлерде жарылмаған снарядтар жатуы мүмкін. Өмірге қауіпті.

Арыстағы жарылыс

Қала түгелімен электр жарығынан, судан ажыратылған. Төтенше жағдайлар қызметіндегілер мұны қауіптің алдын алумен байланыстырды.

Арыстағы жарылысЖарылыстан үрейленген тұрғындардың кейбірі алды-артына қарамастан бас сауғалап қауіпсіз аймаққа қашқан. Үйлер ашық қалып, тіпті дүкендер де қараусыз қалған. Азық-түлік пен өзге тауарлар шашылып жатыр. 

Арыстағы жарылыс

Қала көшелерінен көптеген көлікті көруге болады. 
Сәбилер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қоларбаларын да кездестірдік.

Арыстағы жарылыс

«Орын алған төтенше жағдайды жою мақсатында 363 қызметкер мен 49 техника жұмылдырылды. Қазіргі таңдағы мәлімет бойынша, 45 өрт ошағы сөндірілді. Оның 20-сы тұрғын үй ошағы (қала бойынша 7 600 үйге зақым келген), 9-ы шаруашылық, қалғаны дала өрті», - деді Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов.

Арыстағы жарылыс

Қала көшелерінен адамдарды кездестіру сирек. Оның өзі әскерилер мен полицейлер және төтенше жағдайлар қызметіндегілер.

Арыстағы жарылыс

Сары уайымға салынған тұрғындар да жоқ емес. Полицейлердің айтуынша, олардың көбі жарылыс кезінде қаладан шыққан. Қауіп басылған соң, үйлеріне қайта оралып, құжаттары мен көліктерін алуға келгендер.

Арыстағы жарылыс

Ал енді бірі көптін жағасын ұстатқан жарылыстың қатерін онша түсіне бермейтін секілді. Бірі полицейлердің рұқсатымен қалаға кірсе, екіншілері сай-қыр арқылы ешкімге ескертпестен келгендер.

30 жастағы келіншек Арайлым Абдухманова балаларының киімдері мен құжаттарын алу үшін үйіне оралғанын айтты. Қала сыртындағы бекеттен емес, қыр асып келгенін мойындаған оның мұнда келетінін білген көршісі сиырының жем-шөбін салып кетуге өтініш айтыпты.

Шаруасын тындырған келіншек енді Шымкенттегі туысының үйіне қайта аттанбақ. Айтпақшы, төртінші перзентіне аяғы ауыр тұрғын балабақшадағы қызын жарылыс болған күні тек кешкілік уақытта тауыпты. Себебі жарылыс бола сала бірінші кезекте бақшадағы балалар қала сыртына шығарылған.

Арыстағы жарылыс

«Атам, ұлым үшеуміз шай ішіп отырғанбыз. Кенеттен тереземіз сынды. Абдырап қалдық. Көлікке отырып, дереу балабақшаға бардық. Балалар қаладан әкетілгенін айтты. Біз де артынша қаладан шықтық. Тек біз емес, көбі солай өздері қала сыртына шығуға қамданды. Себебі төтенше қызметі біз қаладан шығып кеткен соң, Арысқа бет алып жатқанын көрдік. Яғни, олар кейін келген болып тұр ғой. Қазір туысымыздың үйін уақытша паналап отырмыз. Өз үйіміздің быт-шыты шыққан», - деді келіншек.

Арыстағы жарылыс

Арыс тұрғыны Бегімхан Сыздықов полицейлердің рұқсатымен қалаға кіріпті. Көлігі мен құжаттарымды алып қайта шығамын дейді. Айтуынша, көлігіндегі 20 мың теңгеге жуық ақшасын әлдекімдер қолды етіпті.

Арыстағы жарылыс

«Бастысы басымыз аман. Ешкімге шағымданбаймын. Көлігім орнында. Дүкеніміз де тоналмапты. Полицейлерге рахмет, осылай қалған мүлкімізді тәулік бойы күзетке алып отыр», - деді ол.

Арыстағы жарылыс

Қала тәулік бойы полицейлер бақылауында

Жарылыс орын алған соң 1000-ға  жуық тәртіп сақшысы қалаға жұмылдырылған. Оның 500-ге жуығы - ұлттық «Ұлан» қызметкерлері. Полицейлердің басты мақсаты - қалып қойған тұрғындардың қала сыртына шығуына көмектесу. Сонымен қатар қараусыз қалған үйлер мен сауда орындарын күзету. Бірақ соған қарамастан Арыста бес ұрлық фактісі тіркеліп үлгерген. Мал ұрлығы, көлік ұрлау және дүкен тонау. Облыстық полиция департаменті берген мәлімет бойынша, төрт қылмыс ашылып, күдіктілер ұсталған. Тергеу жүріп жатыр.

Арыстағы жарылыс

«Полицейлер үш ауысым бойынша тәулік бойы қаланы бақылауда ұстап отыр. Қалада жүрген тұрғындар болса, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қала сыртына шығуына көмектесуде. Біз жағдайды бақылауға алғанымызбен, түрлі жолмен қалаға кіріп жатқандар бар. Сондықтан қазіргі таңда қанша тұрғын қалғаны туралы ештеңе айта алмаймыз. Қалаға кірген, шыққан көліктердің барлығы тексеруден өтуде», - деді Түркістан облыстық әкімшілік полиция басқармасының басшысы Алмасхан Тастанбеков.

Арыстағы жарылыс

Эвакуациялық пунктілердегі жағдай

Түркістан облысы бойынша Арыстан қауіпсіз аймаққа көшірілген тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Бүгінгі таңда өңір бойынша 22 қоныстандыру орындары жұмыс істеп тұр. Солардың бірі - Арыс қаласына іргелес жатқан аудан Ордабасының Төреарық ауылындағы Тәуке хан мектебінде эвакуациялық пункті. Мұнда 24 маусым күні 347 адам тіркелген. Қазіргі таңда олардың 170-і бекетті паналап отыр. Ал қалғанын тұрғындарды туыстары алып кеткен.

Пункт қызметкері Дулат Жанзақов жарылыс болған күні келгендердің қатты шошынып қалғаны соншалық, тіпті, аты-жөндерін атай алмағандар да болғанын жеткізді. Олармен кәсіби психологтар жұмыс жасап, қазіргі жағдайы бірқалыпты дейді.

Көппен бірге мектепті паналап отырған арыстық келіншек Меруерт Айтпен дүйсенбі күні орын алған жарылыстан соң, үрейі әлі де басылмағанын жеткізді.

«Жарылыс орын алған кезде үйде екі қызым болған. Жолдасым ұлыммен бірге шаруаларымен шығып кеткен еді. Мен жұмыстан келе сала абдырап қалдық. Алғашында басылар деп отырдық. Бір кезде төрт тереземіз бір сәтте төрт жаққа ұшып кетті. Үрейленгеніміз соншалық екі қызымды дереу сыртқа алып, бас ауған жақа қаша бердік. Көппен бірген шеттегі қырдың басына бардық. Түстен кейін ғана бізді осы мектепке алып келді. Жолдасым мен ұлым Шымкенттегі мешітті паналап отыр екен», - деді үш баланың анасы.

42 жастағы тұрғын балаларымның аман қалғанына шүкір етіп отырмын дейді. Ендігі бар уайымы - үйінің аман қалуы. Себебі алғашқы жарылыс орын алғанда үйінің терезелерінің түгі қалмаған. Үйді жөндеуден өткізуге жағдайым жоқ деп отыр.

Жойқын жарылыс орын алған күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнында болып, тұрғындармен кездескен болатын. Тұрғын Меруерт Айтпен сол кезде мемлекет басшысынан көмек сұрадым деп отыр.

Арыстағы жарылыс

«Үкіметтен ақша бөлінеді деп уәде етті. Бар үмітіміз соларда» деп мұңын шақты тұрғын.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сенсек, жарылыс орын алған күні Арыс қаласынан 39 мың тұрғын өз күштерімен қаладан кетсе, 3 566 арыстық арнайы қызмет көмегімен қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Бүгінгі таңда 1 946 адам эвакуациялық бекеттерді паналап отыр. Туыстарын жоғалтқан тұрғындар әлі де бар. Олар үшін қауырт желі үзіліссіз қызмет көрсетуде.

Арыстағы жарылыс

Саперлер қаланы снарядтардан тазартып жатыр

Арыстың  көптеген аумағынан саперлерді көзіміз шалды. Ең ауыр жұмыс - солардікі. Себебі көшелерді снарядтардан  тазалау - қатерге толы. Қаланың кейбір көшелерінен мина болуы мүмкін деген қауіпті аймақтарға арнайы белгі орнатылған.

Арыстағы жарылыс

ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаевтың мәліметінше, саперлер 25 маусым күні Арыстағы 16 көшеден 70-тен астам жарылмаған снаряд тапқан. Олардың барлығы қала сыртына шығарылып, залалсыздандыруға жөнелтілген.

Саперлер қалада шашылып жатқан снарядтарды жиып-теріп шыққан соң, төтеншеліктер зақым келген нысандарды тазалайтын болады. Ал тұрғындарға келген шығын қорғаныс миинистрлігі тарапынан құрылған арнайы комиссияның қатысуымен бағаланып, жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Жарылыстың шығу себебі қазіргі таңда анықталып жатыр. 

Арыстағы жарылыс

Тұрғындар үйлеріне екі күннен соң оралуы мүмкін

Қазақстан қорғаныс вице-министрі Бақыт Құрманбаев жарылыс кезінде оқ-дәрі қоймасының 90 пайызы жойылғанын ресми мәлімдеді. Бұл кезде қауіпті делінген зымырандар да жойылған.

Демек, қазіргі таңда қалада қауіптілік деңгейі төмендеген. Жұмыстар жүріп жатыр. Себебі шаһар снарядтардан толық тазартылуы тиіс. Саперлердің алдағы екі күндегі жүргізген жұмысынан соң ғана тұрғындардың үйлеріне оралуына рұқсат берілуі мүмкін. Ал әзірге қалаға кіруге тыйым салынып отыр.

Еске сала кетсек, 24 маусымда Арыс қаласында жарылыс болғанын хабарлаған едік. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде төтенше жағдай жариялады. Қала тұрғындары толықтай эвакуацияланды. 

Талқылау