Снежанна Имашева Қазақстандағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл болып тағайындалды
Фото: Мәжіліс
Мемлекет басшысының өкімімен Снежанна Валерьевна Имашева Қазақстан Республикасындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Мемлекет басшысының өкімімен Снежанна Валерьевна Имашева Қазақстан Республикасындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары болып тағайындалды", – делінген құжатта.
Сонымен қатар мемлекет басшысының өкімімен Бинұр Мұратұлы Жәленов та Ұлттық банк төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Айта кетейік, Снежанна Валерьевна Имашева 1981 жылы 20 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Бекей ауылында дүниеге келген. 2001 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2001 жылы "Банк Туран Алем" акционерлік қоғамының Ақсай филиалында бөлшек несиелеу жөніндегі маман болып бастаған. Кейін нотариустың көмекшісі қызметін атқарған. 2003-2005 жылдары "Жайық Холдинг" ЖШС-інде заң кеңесшісі болды.
2005-2011 жылдары "Ақсайэнерго" ЖШС-де заң кеңесшісі, кейін өткізу қызметінің басшысы болып жұмыс істеді. 2011-2016 жылдары "Батыс Энергоресурсы" ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарды.
2016 жылдан бастап парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды. Алдымен "Нұр Отан" партиясынан VI шақырылым мәжіліс депутаты болып, мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды. 2021-2023 жылдары VII шақырылым мәжіліс депутаты қызметін атқарды.
2023 жылдың наурыз айынан бастап "AMANAT" партиясының партиялық тізімі бойынша парламент мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болып сайланды. Сонымен қатар мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Снежанна Имашева партияның саяси кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның және Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі. 2025 жылдан бастап парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының құрамында жұмыс істейді. 2023 жылы "Құрмет" орденімен марапатталған. Сондай-ақ 2021 жылы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Құрмет грамотасына ие болған. Отбасылы, екі баласы бар.
Ал Бинур Мұратұлы Жәленов 1993 жылы 19 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. 2014 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету" мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Нью-Йорк университетінде білім алып, ақпараттық жүйелер және іскерлік әкімшілендіру (MBA) бойынша магистр дәрежесін иеленген. Сондай-ақ Кембридж университетінің бизнес мектебінде "Cambridge FinTech and Regulatory Innovation" бағдарламасы бойынша білімін жетілдірген. "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегері.
Фото: Ұлттық төлем корпорациясының баспасөз қызметінің архиві
Еңбек жолын 2013 жылы қаржы министрлігінің "Электрондық коммерция орталығы" ЖШС-де IT-консультант ретінде бастаған. 2015-2018 жылдары "Isker Akparat" ЖШС-де менеджер, даму жөніндегі директор және бас директордың орынбасары қызметтерін атқарған.
2019-2020 жылдары Нью-Йорк университетінің Курант атындағы математикалық ғылымдар институтында зерттеу ассистенті болып жұмыс істеді. Сондай-ақ IBM IX компаниясында технологиялық стратегия жөніндегі кеңесші қызметін атқарды. 2019-2021 жылдары Ұлттық банктің төрағасының кеңесшісі болды. 2021-2023 жылдары Ұлттық банктің "Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.
2023 жылы Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының бас директоры болды. 2023–2024 жылдары Ұлттық банктің "Ұлттық төлем корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының кеңесшісі әрі цифрлық трансформация жөніндегі жетекші қызметін атқарып келді. Бинур Жәленов қаржы технологиялары, блокчейн және орталық банктердің цифрлық валюталары тақырыбында халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған бірқатар ғылыми мақалалардың авторы.