Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға дәрігерге барғаннан кейін алаяқтар қоңырау шалуда: Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

Фото: Freepik.com

Қазақстанда өзін емхана не медициналық ұйым қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың қоңырауы көбейген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мұндай жағдайлар елдің әр өңірінде тіркеліп жатыр. Алаяқтар азаматтарға, әсіресе егде жастағы адамдарға хабарласып, SMS-кодты, жеке деректерді немесе күмәнді сілтемелер арқылы мәліметтерді беруге итермелейді.

Министрлік өкілдері медициналық ұйым қызметкерлері телефон арқылы SMS-код сұрамайтынын атап өтті. Кодтар тек цифрлық сервистерде авторизациядан өту кезінде ғана жіберіледі.

Сондықтан азаматтарға:

  • бөгде адамдарға код пен жеке деректерін бермеу;
  • телефон арқылы айтылған ақпараттың растығын тексеру;
  • күмәнді қоңырау түскен жағдайда емханаға немесе құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылды.

Сондай-ақ министрлік тіркелу мәртебесін eGov.kz, eGov Mobile порталы немесе Damumed қосымшасы арқылы өз бетінше тексеруге кеңес берді. Ал дәрігер қабылдауына жазылу eGov.kz, eGov Mobile, медициналық ақпараттық жүйелердің мобильді қосымшалары және тіркеу бөліміне телефон шалу арқылы жүзеге асырылады.

Қазір пациенттердің қабылдауға барғанын нақты уақыт режимінде бақылайтын жүйелердің бұзылғаны немесе рұқсатсыз қол жеткізу фактілері тіркелмеген. Егер жеке деректердің таралуына қатысты ресми шағымдар түссе, уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен тексеріс жүргізіледі.


Министрлік қазақстандықтардың денсаулығына төнетін негізгі қауіптерді атады

Қазақстандықтар медициналық тексерістерден өту үшін ақылы демалыс ала алады


Министрлік бұл жағдайлар азаматтарды жаңылыстыру арқылы олардың жеке деректері мен қаржылық сервистеріне қол жеткізуді көздейтін кең таралған алаяқтық схемалардың белгілеріне сай келетінін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға жаңа алаяқтық туралы ескерткен еді. Ақпаратқа сәйкес, әлдекімдер скринингтік жазбаны растасын деп код сұратады екен. Олар медициналық ұйымдардың атынан қоңырау шалып, СМС-тен кодты жазып, скринингтік жазбаны растауды сұрайды.

“Ешқандай мемлекеттік медициналық мекемелер SМS-код арқылы жазбаны растауды талап етпейтінін атап өтеміз. Мұндай кодтар цифрлық қызметтерге кіру немесе операцияларды растау үшін қолданылады және оларды үшінші тұлғаларға мүлдем беруге болмайды”, – деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі.

Айнұр Мұхади
Жұма, 03 Сәуір, 2026 11:01