Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Small, Galmart, "Метро" және басқа да сауда желілеріне азық-түлік бағасын көтергені үшін айыппұл салынды

Small, Galmart, Метро және басқа да сауда желілеріне азық-түлік бағасын көтергені үшін айыппұл салынды

Фото: depositphotos.com

Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын көтерген ірі сауда желілері жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ірі сауда желілеріне жүргізілген ауқымды тексеру аяқталды. Нәтижесінде сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 420-дан астам кәсіпкерлік субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тартты.  Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 32 миллион теңгеден асты.

“Сауда орталықтары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаны көтергені расталды. Бұзушылықтар бірқатар ірі ритейлерден анықталды. Олардың қатарында Small, JLC, Galmart, Toimart, А‑стор, My Mart, “Беккер” желілері, сондай-ақ Carefood супермаркеті және Food Beverage Trading, Airba Fresh, Good Luck Trade, Mix Market Trade сынды бірқатар сауда серіктестіктері бар”, – делінген хабарламада. 

Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы шарықтай ма: Ұлттық экономика министрі жауап берді


“Метро” ірі сауда желісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% сауда үстемесін асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. “Метро Кэш энд Керри” ЖШС департамент шығарған әкімшілік шешімге барлық сот инстанцияларында, соның ішінде кассациялық тәртіппен шағымданды, бірақ нәтиже болмаған.

“Метро” сауда желісі белгіленген сауда үстемесі үшін әкімшілік жауапкершілікке бірінші рет тартылып отырған жоқ. Бұған дейін 2024 жылы “Метро Кэш энд Керри” ЖШС сауда үстемесі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын, сондай-ақ, Департаменттің әкімшілік шешіміне сот тәртібімен шағымданды, нәтижесінде кәсіпкерлік субъектісіне талаптарды қанағаттандырудан, оның ішінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотымен бас тартылды”, – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ, Алматы қаласының Small және Toimart сияқты ірі сауда желілері сауда үстемесінің 15% асқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, Small сауда желісіне бақылау іс-шараларын жүргізу кезінде департамент қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіргені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы бойынша қосымша жаза қолданылды.

Қазіргі уақытта жұмыс жалғасып жатыр. Инспекторлар үй жанындағы дүкендерге ерекше назар аударып, сауда үстемесінің нормаларының сақталуын тексеруде. Бұл шаралардың мақсаты — негізгі азық-түлік тауарларының бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету және тұтынушылардың құқықтарын қорғау.

Еске салсақ, вице-министр қазақстандықтарға азық-түлікті арзан жерден алуға кеңес берген еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 02 Желтоқсан, 2025 18:31