СҚО-да танысын атып өлтірген ер азамат 13 жылға сотталды
Солтүстік Қазақстанда Жаңа жылды тойлауға келген танысын атып өлтірген азаматқа сот үкімі шықты. Енді ол алдағы 13 жылын темір тордың ар жағында өткізеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Айта кетейік, қайғылы оқиға 2025 жылы 1 қаңтарда Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылында болған. Сол күні айыпталушы Андрей Кравчуктің үйіне таныстары Маркин, Маркина және Кожухов қонаққа келген. Олар дастархан басына отырып, бірлесіп ішімдік ішкен. Кейін Кравчук пен Кожуховтың арасында жанжал туындайды.
Осы сәтте ашуға булыққан 41 жастағы айыпталушы жатын бөлмеге барып, төсегінің астынан 32 калибрлі "ИЖ-К" маркалы тегіс ұңғылы мылтығын алып шығады. Содан кейін қонақтар отырған бөлмеге беттеп, Кожуховқа қару кезеніп, атып жіберген. Жарақат алған Кожухов ауруханада қайтыс болады.
Іс Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды.
"Сот Андрей Кравчукты қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша кінәлі деп тапты. Оны 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді", – деді үкімді оқыған Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айдарбек Бекқожинов.
Сондай-ақ Андрей Кравчук қайтыс болған танысының жақындарына 20 миллион теңге моральдық шығын өтеуі тиіс.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Кісі өлтірді деп күдікке ілінген қазақстандық 25 жылдан кейін басқа елде ұсталғаны туралы жазған едік.