Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз өсіргендерге 1,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды

СҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз өсіргендерге 1,5 млн теңгеден астам айыппұл салындыФото: gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысында 20-ға жуық кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын 50 пайыз қымбаттатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылау күшейтілген.

“2026 жылдың басынан бері өңірдегі 20-ға жуық кәсіпкер шекті рұқсат етілген сауда үстемеақысын асырғаны үшін бюджетке 1,5 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген. Әңгіме мемлекет үстемеақы мөлшеріне шектеу белгілеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізбесіне енгізілген өнімдер туралы болып отыр”, – делінген хабарламада. 

Картоп, сәбіз, күріш, алма және өзге де негізгі азық-түлік түрлерінің бағасын негізсіз көтерілген.


"Мына дүкенді тексеріңіздер": Сауда комитетінің төрағасы маңызы бар тауардың бағасын өсірген сатушыны өзі анықтады


“Кейбір жағдайларда сауда үстемеақысы рұқсат етілген деңгейден 50 пайыздан астамға асып кеткен. Тексерулерге мемлекеттік кірістер департаменті ұсынған электрондық шот-фактуралар негіз болды. Құжаттарды талдау барысында мамандар өнімнің сатып алу бағасын сауда нүктелеріндегі соңғы бағамен салыстырып, қолданылған үстемеақы мөлшерін объективті түрде бағалады. Мұндай тәсіл субъективтілікті болдырмай, тек қаржылық құжаттарға сүйенуге мүмкіндік береді”, – делінген ақпаратта.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, баға шектеулерінің сақталуына бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Мониторинг ірі сауда желілерін де, үй маңындағы шағын дүкендерді де қамтиды. Рұқсат етілген үстемеақының асып кеткені анықталған жағдайда кәсіпкерлерге заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, әкімшілік айыппұл салынады.

Өңірдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Ведомстволар бизнес өкілдерін сатылатын тауарлардың әлеуметтік маңызын ескеріп, белгіленген сауда үстемеақысы нормаларын сақтауға шақырады. Бұл айыппұл санкцияларынан сақтанып, тұтынушылар сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, осыған дейін сауда министрлігі ет бағасын өсірген кәсіпкерлерге айыппұл салған еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 19:46