Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО-да әкімдік ғимаратын жөндеуге 1 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған

әкімдік ғимаратыФото: СҚО әкімдігі

Солтүстік Қазақстан облысында бюджет тапшылығы күшейіп тұрғанына қарамастан, жергілікті билік әкімдік ғимаратының жөндеу жұмыстарына шамамен 1 млрд теңге бөлген. Бұл шешім өңір тұрғындарының наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Петропавл қаласы екі жылға жуық уақыт бойы төтенше жағдай режимінде өмір сүріп келеді. Бар күш су тасқынымен күресуге, инфрақұрылымды қалпына келтіруге жұмсалуда. Көптеген әлеуметтік шығындар қысқарған, орталықтан бөлінетін субсидиялар толық көлемде келмей жатыр. Осындай жағдайда қымбат жөндеу қоғамда қызу талқылануда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мемлекеттік органдарға шығынды азайтуды тапсырған болатын. Соған қарамастан, әкімдік ғимаратына қыруар қаржы бөлінген.

Өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, ғимарат ескіргендіктен, оны жөндеу қажет болған.

"Бұл ғимарат 1950 жылы салынған. Осы уақыт ішінде ешқашан жөндеу көрмеген. Мұнда барлық басқармалардың 70 пайызы орналасқан, мемлекеттік қызметкерлер күнделікті осында жұмыс істейді", - деді ол.

Әкімдіктің мәліметінше, сыртқы қаптама жаңартылып, ғимаратқа жарықтандыру орнатылған. Ішкі жөндеу жұмыстары жеті қабаттың тек екеуінде жүргізілген, сонымен қатар шатыр жаңартылды.

Айта кетейік, бұған дейін тарихшылар СҚО әкімдігін Алаш Орда өкіліне арналған ескерткішті қиратты деп айыптағанын жазған едік. СҚО әкімі Міржақып Дулатовұлына арналған мемориал рұқсатсыз салынғанын мәлімдеді.

Рая Мінәп
Жұма, 05 Желтоқсан, 2025 18:01