Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанда үйінде өртеніп қаза тапқан 5 жасар қыздың анасының үстінен іс қозғалды

Фото: Halyqstan

Солтүстік Қазақстан облысының Ольшанка ауылындағы өртте қаза тапқан бес жасар қыздың анасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, өрт шыққан сәтте бала үйде жалғыз болған. Қызылжар ауданы әкімдігінің мәліметінше, қыздың анасы мен оның азаматтық некедегі жұбайы пеш жағып, көршілеріне қонаққа кеткен көрінеді.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті 32 жастағы анаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады. Іс қылмыстық кодекстің "Абайсызда жас баланың өліміне әкеп соққан, балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау" бабы сараланған. Аталған бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

"Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайы мен егжей-тегжейін анықтауға бағытталған кешенді тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде", – делінген полиция хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін 18 қаңтар күні Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты Ольшанка ауылындағы үйден өрт шығып, салдарынан үйде анасы қамап кеткен 5 жасар қыз көз жұмғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 19 Қаңтар, 2026 20:18