"SKAI қабылдаған шешімді өзгерту мүмкін емес": "Самұрық-Қазына" директорлар кеңесіне ЖИ-ді тағайындау заңды ма

Жақында "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы өзінің директорлар кеңесінің құрамына кеңес мүшесі ретінде Samruk-Kazyna Artificial Intelligence (SKAI) жасанды интеллигентін қосты. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де сөз қозғап, ЖИ тәуелсіз директорлыққа мүше бола алмайтыны туралы айтқан. Дегенмен Бас прокуратура бұл жағдайға қатысты жауап беруден бас тартып отыр. Stan.kz ақпарат агенттігі қор мен Бас прокуратураға осы жөнінде сауал жолдап, жауап алды.
"SKAI директорлар кеңесінің цифрлық мүшесі ретінде сайланды, бірақ оның заңды екеніне күмән бар"
"Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы өзінің директорлар кеңесінің құрамына кеңес мүшесі ретінде Samruk-Kazyna Artificial Intelligence (SKAI) жасанды интеллигентін қосып қойған. Бұл жаңалықты көрген Qazaq Association of Minority Shareholders (QAMS) ұйымы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сұрау жолдап, ЖИ тәуелсіз директорлыққа мүше бола алмайтыны туралы жауап алған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мынаны растап отыр:
- Директорлар кеңесінің мүшесі тек жеке тұлға бола алады (императивтік норма),
- Мемлекеттік органдар үшін ешқандай ерекшелік қарастырылмаған,
- ЖИ тәуелсіз директор мәртебесіне сай келмейді.
Ал QAMS Қаржы реттеушінің ұстанымын және Самұрық-Қазынаның жүйелік маңызын ескере отырып, мынадай ықтимал қауіптерді атап отыр:
- Директорлар кеңесі шешімдерінің заңды екеніне қатысты құқықтық белгісіздік,
- Корпоративтік шешімдерді рәсімдеу негіздері бойынша сотта даулау мәселесі,
- Самұрық-Қазынамен және оның еншілес ұйымдарымен қатынастағы тұлғалар үшін ықтимал шығын мәселесі,
- Корпоративтік басқару мен ақпараттың ашықтығына инвесторлардың сенімінің төмендеуі.
Бұдан соң QAMS "Самұрық-Қазына" директорлар кеңесін жасағанда Қазақстан заңнамасын бұзуы ықтималдығына байланысты прокурорлық шаралар қабылдау туралы Бас прокуратураға жүгінді. Дегенмен Бас прокуратура жауап бермеді.
Қор өз шешімін заңды деп отыр
Бас прокуратураға біз де сауал жолдадық, бірақ жауап ала алмадық. Ал "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы сұрағымызға жауап беріп, осы жағдайға қатысты өз ұстанымын білдірді.
"Самұрық-Қазына" АҚ Қордың Директорлар кеңесінің қызметі Қазақстанның "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" заңының 8-бабымен айқындалады деп отыр.
"Қордың Директорлар кеңесінің қызметі Қазақстанның "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" заңының 8-бабымен айқындалады. Қор туралы заңның 8-бабының 1-тармағына сай, Қордың Директорлар кеңесі Қордың жалғыз акционері сайлайтын төрағадан және мүшелерден тұрады. Осы нормаға сүйене отырып, Қордың жалғыз акционерінің тікелей құзыретін іске асыру аясында үкімет "SKAI" (Samruk-Kazyna Artificial Intelligence) атты Директорлар кеңесінің жасанды интеллект негізіндегі мүшесін сайлау туралы қаулы қабылдады. Осылайша, SKAI-дың құқықтық мәртебесі жобаның пилоттық сипатын ескере отырып, корпоративтік басқару шеңберінде белгіленген тәртіппен айқындалды. SKAI Қордың Директорлар кеңесінің цифрлық мүшесі ретінде сайланды. Директорлар кеңесінің барлық шешімдері қолданыстағы заңнама шеңберінде қабылданып, белгіленген тәртіппен отырыс хаттамаларында тіркеледі", – делінген "Самұрық-Қазына" жауабында.
"SKAI шешімдерді автономды өңдеп, қабылдайды, ал оны түзету мүмкін емес"
Біз қорға "SKAI жасанды интеллекті шешімді өзі қабылдай ма?" деп сұрадық. Қордың хабарлауынша, 2026 жылғы 9 қаңтардағы "Цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға сай, SKAI – жоғары автономды жүйе, яғни шешімдерді автономды өңдеп, қабылдауға арналған. Бұл шешімдерді адам қолымен түзетуге, жоюға болмайды және ол техникалық тұрғыдан мүмкін емес.
"Осылайша, SKAI-ды әзірлеу барысында Қазақстанның "Жасанды интеллект туралы" заңындағы жергілікті және автономдылыққа қатысты талаптар толық ескерілген", – деп жауап берді "Самұрық-Қазына" АҚ.
Дегенмен QAMS ЖИ-дің Самұрық-Қазына корпоративтік басқару органдарына қатысуының құқықтық салдарын, соның ішінде халықаралық қаржы ұйымдарымен, сонымен қатар инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі шетелдік коммерциялық емес ұйымдармен коммуникациялар арқылы талдауды жалғастыра беретінін хабарлады.
"ЖИ талдау және бизнес процестерді оңтайландырудың тиімді құралы бола алады. Алайда компаниялардың басқару органдарының мүшесі тек жеке тұлға бола алады", – деп хабарлады QAMS.
"Денем кез келген уақытта ісіп кетеді": Қазақстандық өзінің ісік ауруымен ауыратынын 50 жылдан кейін ғана білген