"Сіздің ұлыңыз тұтқындалды": Алматыда ер адам зейнеткерлерді сан соқтырып келген
Алматыда егде жастағы адамдарды сан соқтырып келген ер адам ұсталды. Ол Қарағанды облысының тумасы болып шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, 31 жастағы ер адам бірнеше ай көлемінде егде жастағы адамдарды алдап келген. Ол ғаламтордан ересек балалары бар зейнеткерлер туралы мәлімет жинаған. Артынша олардың үйіне барып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырыпты. Мұнан кейін, мысалы, «сіздің ұлыңыз қылмыс жасағаны үшін тұтқындалды» деп хабарлаған.
«Артынша 400 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақша сұрап, осылайша жауаптылықтан құтылуды ұсыныпты. Бұл орайда ол зейнеткерлерге ешқандай куәлік немесе басқа да құжат көрсетпеген. Ол осындай хабар арқылы ата-әжелерді шошытқан. Оның құрбандарының ең үлкені – 86 жаста», - дейді Бостандық аудандық полиция басқармасының полиция бөлімінің басшысы, подполковник Ғалым Қасымбаев.
Полиция бөлімі басшысының сөзінше, зейнеткерлер егде жасына байланысты күдіктінің сырт келбеті мен ерекше белгілерін есте сақтай алмаған. Алайда осыған қарамастан, тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, оны тұтқындапты.
Бүгінде ұсталған 37 жастағы күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Анықталғандай, ер адам бұған дейін алаяқтық және ұрлық үшін бірнеше рет сотты болған.
Ер адамның Бостандық ауданының аумағында жасалған 10-нан аса қылмыстық әрекетке қатысы бары дәлелденген. Оның әрекетінен зардап шеккендер саны одан көп болуы мүмкін, дейді полициядағылар.
Полиция күдіктінің әрекетінен зардап шеккендерден келесі телефон нөмірелеріне хабарласуын сұрайды: 298-52-81 немесе 298-52-82.