"Әр метрге 40 мың теңге": Svoy Dom жарнамасына сенген қазақстандық уәде етілген жеңілдіктің берілмегеніне шағымданды

Астаналық Руслан Валеев "Svoy Dom" компаниясының жеңілдік туралы жарнамасына сеніп барғанын айтады. Оның сөзінше, шаршы метрінің бағасы 522 мың теңге болған, ал жарнамада әр шаршы метрге 40 мың теңгеге дейін жеңілдік қарастырылған. Алайда іс жүзінде оған әр метріне небәрі 20 мың теңге ғана жеңілдік ұсынылған. Соның салдарынан пәтердің жалпы бағасында шамамен 1,8 миллион теңге айырма шыққан. Русланның айтуынша, бөлім басшысының "Сіз үшін 1,5-2 миллион теңге түк емес қой" деген сөзіне наразы болып, ол мұны әділ саудаға жатпайды деп санап, мәміледен бас тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астаналық Руслан Валеев "Svoy Dom" компаниясының сатылым бөлімінде жеңілдік жасаймыз деген жарнамасына сеніп барғанын айтады.
"Неге мен енді "Svoy Dom"-ға ешқашан бармаймын? Сату басталған күн еді. Шаршы метрінің бағасы – 522 мың теңге деп көрсетілді. "–40 мыңға дейін жеңілдік болады" деген уәдемен кеңсеге шақырды. Барсам, маған барабан ұсынды. Тура мағынасында, айналдырасың не түссе, соны аласың. Жеңілдік 10 мыңнан –40 мыңға дейін деді. Яғни шешім ақылға да, келісімге де емес, кездейсоқтыққа тәуелді", – дейді Руслан Савалев.
Русланның айтуынша, алғашқы рет айналдырғанда –40 мың теңге жеңілдік түскен. Сол сәтте бөлім басшысы жүгіріп келіп, "көрмей қалдым, қайта айналдыр" деп өтінген. Ол қайта айналдырғанда –20 мың теңге түскен. Соның салдарынан қайта есептеу кезінде пәтер құнында шамамен 1,8 миллион теңге айырма шыққан.
"Сонда әлгі бөлім басшысы күліп тұрып "Сіз үшін 1,5-2 миллион деген не тәйірі? Түк емес қой" деді. Адамдар пәтер алу үшін бетон мен арматураға жылдап ақша жинайды. Ал мұнда нағыз цирк. Адал келісімнің орнына рулетка, кәсіби кеңестің орнына мысқыл сөз болды. Негізі, сол сәтте "Егер бұл сома сіз үшін түк емес болса, онда өз пайдаңыздан шегеріп, барабанды алып тастаңыз" деу керек еді. Бірақ мен үндемедім. Жай ғана тұрып кеттім. Дау-дамайсыз. Қайта оралу ниетінсіз. Сол күннен бастап мен үшін "Svoy Dom" жабық тақырып", – деп жазды Руслан Валеев.
Тағы бір қолданушы күйеуімен бірге компанияның сатылым бөліміне барғанын, бірақ 1,5 сағат кезек күткенін айтады. Оның сөзінше, кеңес беру кезінде менеджер өзін кәсіби емес ұстап, клиенттермен мысқыл аралас сөйлеген. Сонымен қатар төлем шарттары да шектеулі болған. Негізінен қолма-қол есеп айырысу ұсынылған, ал ипотека барлық тұрғын үй кешеніне қолжетімді емес және тек бірінші немесе соңғы қабаттағы пәтерлерге ғана қарастырылған дейді әйел.
Үшінші пікір иесі де менеджерлердің қарым-қатынасы ұнамағанын жеткізген. Оның айтуынша, қызметкерлердің тәкаппар мінезі байқалған, ал қалаған тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер сатылып кеткені айтылып, кейін пәтерді делдал арқылы сатып алу ұсынылған.
Желі қолданушыларының бірқатары компаниядағы клиенттерге қызмет көрсету мәдениетін сынға алып, мұндай тәжірибе тұрғын үй таңдауда маңызды фактор екенін атап өткен.
Осы ретте редакция "Svoy Dom" компаниясының сатылым бөліміне хабарласып, мән-жайды анықтауға тырысты.
"Біз әрбір клиентпен сапалы жұмыс істеуге тырысамыз. Руслан Валеев есімді клиентке қатысты жағдайдан хабарымыз бар. Расында, бірінші айналымда 40 мың теңге, ал екінші айналымда 20 мың теңге көрсетілген. Бәрі адал өткізілді. Қосымша айтарымыз жоқ", – деп компания өкілі қысқа жауап берді.
Ал компания менеджердері неліктен клиенттер дөрекі сөйлейді деген сұраққа басшылық мардымды жауап бермеді.
"Денем кез келген уақытта ісіп кетеді": Қазақстандық өзінің ісік ауруымен ауыратынын 50 жылдан кейін ғана білген