Сыйлық та, ықылас та – маңызды: Барлық ұтымды Аяз аталарға арналған гайд

Көктем, жаз, күз көзді ашып-жұмғанша өте шықты – енді біз жаңа жылды қалай қарсы алатынымызды, не киетінімізді, мерекелік дастарқанға не қоятынымызды, кімге қонаққа баратынымызды және қыстың жайлы кештерінде қандай фильмдерді тамашалайтынымызды жоспарлап жүрміз. Сонымен қатар, сыйлықтар тізімін жасаймыз: туған-туыстарға, достарға, әріптестерге, балаларға. Бірақ осы жағымды дайындықтардың кейде бас қатырып жіберетіні бар: не сатып аламыз? Қалай көп шығындалмай, бірақ қуантатын сыйлық табамыз?
Аяз атаның жоспары
Жақсы жаңалық – үлкен шығынсыз-ақ тамаша сыйлық жасауға болады. Көп жағдайда шынайы эмоцияларды қарапайым, жайлы әрі пайдалы заттар тудырады. Ең бастысы – бәрін алдын ала ойластырып, жүйелі түрде жоспарлау. Сол үшін сіздерге сатылық жоспар ұсынамыз!
1. Өзіңізге біраз бос уақыт бөліп, кімге сыйлық, ал кімге құттықтау хатының өзі жеткілікті болатынын тізімдеп шығыңыз. Әрине, бұл тізім өзгеруі мүмкін, сондықтан жоспарлауды ертерек – жаңа жылға шамамен бір ай қалғанда бастаған жөн.
Маңызды: дәл осы кезде үйді немесе жұмыс орнын безендіру мәселесін де ойластыруға болады – егер ондай дәстүріңіз болса. Ең үнемшілдер әдетте декорды қаңтар айында, мерекеден кейін үлкен жеңілдіктер кезінде сатып алады.
2. Сыйлық беретін адамдар тізімін анықтадыңыз – енді олардың не жақсы көретінін және қандай қызығушылықтары бар екенін ойластырыңыз. Жыл бойы олар не айтты, қандай арман-мақсаттарымен бөлісті – солардың ішінде сыйлыққа қатысты жасырын ишаралар болуы мүмкін. Мысалы, анаңыз көптен бері тоқыма тоқып үйренгісі келетінін айтып жүр, бірақ қажет құралдар мен нұсқаулықтарды таба алмай жүрген болса – оның арманын орындап, бар жүктемені өз мойныңызға алыңыз.
Маңызды: өзіңізге бұрын сыйланған, қолданылған немесе ақауы бар затты сыйлау – мүлде дұрыс емес. Ондайдан гөрі мүлдем сыйлық бермеген жақсы (ескерту: егер адам өзі соны сұраған болса).
3. Сыйлықтар тізімін түзіп болған соң, олардың бәрін қай жерден сатып алған ыңғайлы болатынын ойластырыңыз. Мүмкін, сіз жоспарлаған қажетті дүниелердің барлығы бір жерде – түрлі тауарлар ұсынылған супермаркетте немесе бағалар бекітілген дүкендерде (мысалы, Fix Price) бар шығар.
4. Бюджетті есептеңіз. Есте ұстаңыз: жағымды әсер қалдыру маңызды, бірақ жылдың басында қаржысыз қалмауға тырысыңыз. Әртүрлі дүкендердің ассортиментін зерттеп, тауарларын салыстырып көріңіз.
Кеңес: интернеттен тапсырыс берсеңіз, созып жүрмеңіз – мереке жақындаған сайын жеткізу уақыты ұзарады, тіпті тауар қаңтарда келуі мүмкін.
5. Егер сіздің ортада сыйлықты әдемілеп орау дәстүрі болса, қаптаманы да алдын ала ойластырыңыз. Өз қолыңызбен орайсыз ба, әлде кәсіби мамандар қызметіне жүгінесіз бе – соны шешіп алыңыз.
Кеңес: сыйлықты орау, орналастыру және құттықтау хатқа тәтті тілектер жазу уақыт алады – оған арнап бір толық демалыс күнін жоспарлаңыз.
Қуаныш сыйлау
Қаржылық қиындық тудырмайтын сыйлықтарды бірнеше санатқа бөлуге болады.
Бірінші санат – жақындарыңыздың үйіне жайлылық сыйлайтын заттар: жұмсақ плед, әдемі мерекелік декор, ыдыс-аяқ, камин түріндегі шам, жаңа жылдық әшекейлер. Мұндай сыйлықтар үйге мерекелік атмосфера әкеледі және сіздің қамқорлығыңызды ұзақ уақыт еске салып тұрады.
Үйге тыныштық пен үйлесім сыйлайтын хош иісті шамдар немесе диффузорлар да – жақсы таңдау. Тек тым үлкен немесе адамның талғамына сай келмейтін нәрсе таңдаудан сақ болыңыз. Қажет болса, адамның өзінен сұрап қойған да дұрыс.
Екінші санат – ерекше әсер сыйлайтын сыйлықтар. Шеберлік сыныбына, концертке, шығармашылық кездесуге немесе сүйікті дүкенге сертификат – жақсы идея. Бұл – зат таңдауда қиналған кезде таптырмас шешім.
Айтпақшы, бұл санатқа арнайы уақыт бөлу де кіреді. Яғни бірге өткізілген бір күн – жақын адамдар үшін өте бағалы. Соңғы рет қашан әжеңізге, тәтеңізге немесе қадірлі көршіңізге барып, тәттілермен шай ішіп, альбом қарап, әңгімелестіңіз?
Үшінші санат – хобби мен қызығушылыққа арналған сыйлықтар. Кітаптар, үстел ойындары, гаджеттер, сүйікті іске арналған жиынтықтар – адамның қызығушылығына құрметпен қарайтыныңызды көрсетеді.
Төртінші санат – сұлулыққа арналған сыйлықтар. Хош иісті дене лосьоны, әдемі ободок, бижутерия – кішкентай, бірақ әрдайым қуаныш сыйлайтын сыйлықтар.
Егер осы дайындық процесінде өзіңізге де сыйлық жасағыңыз келсе – еш қысылмаңыз. Осынша еңбектен кейін – әрі үнемделген қаржыдан соң – сіз бұған толықтай лайықсыз!
Астанада тіс емдеу кезінде көз жұмған 3 жасар қыздың өлімі: Сотта жаңа күмәндер мен сараптамалық қайшылықтар туындады