Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сыртқы істер министрлігі Вьетнамда жоғалған қазақ қызын іздеп жатыр

Сыртқы істер министрлігі Вьетнамда жоғалған қазақ қызын іздеп жатырФото: Видеодан скрин/instagram.com/megapolis.kz

Вьетнамда Әсем есімді қазақстандық жоғалып кетті. 6 наурыздан бастап Хошимин қаласындағы сіңлісінен хабар ала алмаған әпкесі халықтан көмек сұрап, видео жариялады.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жоғалған қыздың әпкесінің айтуынша, 26 жастағы Әсем Қазақстан елшісімен кездесу үшін Ханой қаласына ұшпақ болған. Алайда әуежайға шамамен 20 шақырым қалғанда қыз байланысқа шығуын тоқтатқан. Туыстарының сөзінше, жоғалар алдында Әсем қатты қорқып жүргенін, біреулердің өзін аңдып жүргенін айтқан.

Бұл хабарламаға еліміздің Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді.

“Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі азаматшаның туыстарымен байланыста және Вьетнамның құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жасап жатыр. Қазір оның жүрген жерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жағдай Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бақылауында”, – делінген ведомство хабарламасында.

Бұған дейін Қазақстандық Аубакир Әсемнің туыстары оның Вьетнамда жоғалып кеткенін айтқан еді. Ол Қазақстанға қайтып ұшпақ болған, алайда әуежайдағы таблодан өз рейсін таппаған. Туыстарының сөзінше, сол кезде ол екі тәулікке жуық ұйықтамаған және қатты қорқып, өзін біреулер бақылап жүргенін айтқан.

Отбасының мәліметінше, соңғы банктік операция 6 наурыз күні сағат 15:08-де тіркелген, бұл кезде таксиге қаржы төленіпті. Сондай-ақ жоғалар алдында қыздың америкалық әйелмен бірге түскі ас ішкені белгілі. Жақындарымен сөйлескен кезде оның сөзі түсініксіз болып көрінген, әрі олар оның біртүрлі күйде болғанын байқаған.

Туыстарының айтуынша, Әсем шамамен сегіз-тоғыз жылдан бері жалғыз саяхаттап жүр, алайда бұған дейін мұндай жағдай болмаған.

Отбасы Вьетнамдағы Қазақстан консулына жүгінген, алайда олардың айтуынша, демалыс күндеріне байланысты ресми рәсімдер тек дүйсенбі күні басталады. Жақындары Вьетнамда жүрген немесе қыздың қайда екені туралы ақпарат білетін адамдардан хабарласып, іздеуге көмектесуді сұрайды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 08:35