Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сириялық содырлар Дамаск астанасын басып алды: Жеңістерін эфирде жариялады

"Хайят Тахрир аш-Шам" содырлар тобы Сирия президенті Башар Асадтың елден кеткенін және Дамаск астанасын басып алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Әл-Джазира" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: dw.com

Мәліметтерге сенсек, мемлекеттік сириялық армия қарсылық көрсетпеген.

Reuters агенттігінің дерегінше, билік тойтарыс бермегеннен кейін Дамаск пен Алеппо көшелерінде тойлау басталып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, адамдар Дамасктың бас алаңына жиналып, "Бостандық!" деп ұрандатқан.

"Сириялық армияның басшылығы офицерлерге Асадтың билігі аяқталғанын хабарлады", – деп жазады агенттік. 

Дамасктегі көтерілісшілер мемлекеттік телеарна эфирінде жеңіске жеткендерін жариялады. Сириялық содырлар мемлекеттік телеарна мен Дамаск радиосы арқылы эфирге шығып, президент Башар Асад режимін құлатқандарын және саяси тұтқындарды босатқанын хабарлады.

Фото: Reuters

Халыққа жолдаған үндеуінде олар "моджахедтер мен азаматтарды еркін Сирия мемлекетінің мүлкін қорғауға" шақырды.

"Сирия, еркін және мақтан тұтар ел жасасын! Сектасына қарамастан барлық сириялық үшін!" – деп мәлімдеді көтерілісшілер.

 



Еске салайық, бұған дейін Сириядағы көтерілісшілер елдің ең үлкен үшінші қаласы Хомсқа жақындағанын жаздық. Сириялық көтерілісшілердің біріккен операция орталығының мәліметінше, көтерілісшілер Хомсқа бара жатқан жолдағы Растан мен Тел-Бис қалаларынан өткен және қазір Хомс қаласына бес шақырымдай қашықтықта.  5 желтоқсан күні Асадқа қарсы коалиция әскерлері Хама қаласына кірді. Ал өткен аптада исламшылар бастаған көтерілісшілер Сирияның ең үлкен қалаларының бірі Алеппо қаласын 2016 жылдан бері алғаш рет басып алды.

Талқылау