Сирияда содырлар "Асад режимін" қолдағандарды өлтіріп, кек алу науқанын бастады
Башар Асад режимін қолдағандарға қарсы кек алу науқаны барысында 91 адам өлтірілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Reuters/Scanpix/LETA
2024 жылдың соңында Асад режимі қарулы топтардың ірі шабуылынан кейін құлаған еді. Биыл қаңтарда Сириядағы адам құқықтары бойынша бақылау кеңесінің (SOHR) мәліметінше, Башар Асад режимін қолдағандарға қарсы кек алу науқаны барысында 91 адам өлтірілген.
Жалпы қаза тапқандар саны 190-ға жеткен, олардың арасында бес әйел бар. Ең көп адам шығыны Хомс, Хама және Латакия аймақтарында тіркелген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл қылмыстар саяси және діни негізде жасалып жатыр. Бұл елдегі "қауіпсіздік жағдайының күрт нашарлағанын" көрсетеді. SOHR мұндай қылмыстардың "сириялықтар арасындағы алауыздықты тереңдетіп жатқанын" атап өтіп, осындай заңбұзушылықтарды тоқтату үшін қатаң шаралар қабылдау және кінәлілерді жауапқа тарту қажет екенін айтты.
AFP агенттігінің мәліметінше, өлтірілгендердің көбі – Асад үкіметінің бұрынғы шенеуніктері. Сонымен бірге жаңа билікке бағынатын жергілікті қарулы топтардың ондаған мүшесі Хомс аймағында ұсталған.
Еске салайық, бұған дейін "Хайят Тахрир аш-Шам" содырлар тобы Сирия президенті Башар Асадтың елден кеткенін және Дамаск астанасын басып алғанын мәлімдеді. Дамасктегі көтерілісшілер мемлекеттік телеарна эфирінде жеңіске жеткендерін жариялады. Сириялық содырлар мемлекеттік телеарна мен Дамаск радиосы арқылы эфирге шығып, президент Башар Асад режимін құлатқандарын және саяси тұтқындарды босатқанын хабарлады.