"Мен бұрын Тәуекел түскен киноларды көрмегем, қызықпаппын да": Тәуекел жары екеуі алғаш рет сұхбат берді
Тәуекел Мүсілім соңғы кездері көпшіліктің талқысында жүр. Себебі мың қыздың арманы болған актер отау құрып, көп қыздың үмітін өшіргендей еді. Тәуекел шаңырақ көтергелі бері жары екеуі алғаш рет сұхбат берді.
Бұл туралы Goodhouse.kz сайты хабарлайды.
Тәуекел Мүслім бұған дейін жары Махаббат екеуі түсірілім алаңында танысқанын айтқан болатын. Бұл жайлы Махаббаттың өзі не дейді?
"Маған Тәуекелдің өзі келіп, жеткізіп салайын деген ұсыныс айтты. Мен келістім. Содан жақын таныса бастадық. Мен Тәуекелдің актер екенін білетінмін. Бірақ ол түскен фильмдерді көрмеппін. Қатты қызықпаппын да. Құрбыларымнан еститінмін. Бірақ онымен танысам деп ойламағам. Бірінші күні мені шығарып салған соң құрбыма хабарласып, жаңалығымды айттым", - дейді Махаббат.
Ал, Тәуекелдің өзі Махаббаттың ұяңдығы ұнады дейді.
"Түсірілім барысында оны бақылап отырдым. Оның өзін қалай ұстайтынын, аздап қысылатынын байқадым. Оның ұялғаны өзін сүйкімді етіп көрсетті. Менде мұндай жағдай бұрын болмаған. Махаббатты көргенде басқаша сезім болды. Бұрын қыздарға олай қарамайтынмын. Бұл жолы өзіме өзім таңғалдым", - деді Тәуекел.
Актердің айтуынша, ол Сырға салу, Қыз ұзату рәсімдерінен кейін сүйіктісіне ұсыныс жасаған екен.
"Мен сондай жауапсыз адаммын", - деп күледі.
"Мен өте жақсы отбасына келдім. Осындай отбасына келін болғаным үшін қуанамын. Енемді "мама" деп атаймын. Тәуекелді "жаным" деп атаймын", - деді Махаббат.