Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Синоптиктер биыл көктемде Қазақстанның төрт облысында су тасқыны болатынын болжады

Фото: pixabay.com

"Қазгидромет" биыл Қазақстанның бірнеше өңірінде көктемгі су тасқыны болатынын болжады. Қостанай, Павлодар, Алматы және Ақтөбе облыстарында қаупі орташа деңгейде болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Болжам топырақтың күзгі ылғалдылығы, топырақ қату тереңдігі, қардың қоры және қар еріген кездегі ауа райы жағдайларын ескере отырып жасалған.

Қостанай облысы

Синоптиктердің болжамынша,  бұл аймақтың басым бөлігінде топырақтың күзгі ылғалдануы нормадан төмен болған. Алайда кейбір аудандарда орташа мәннен асып кеткені байқалған.

“Топырақтың қату тереңдігі 140 см-ге дейін жетіп, көп аудандарда өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Солтүстік және орталық аудандарда қар жиналу көлемі нормадан жоғары. Ал оңтүстік бөлігінде климаттық мәннен төмен. Тобыл өзенінде қар қатты еріген кезде Верхнетоболь және Қаратамар су қоймаларына көп су келуі мүмкін. Облыстың көп бөлігінде орташа қауіп болжануда. Бірақ кей жерлерде жергілікті су басу мүмкіндігі бар”, – делінген хабарламада. 

Павлодар облысы

Қазгидромет аумақтың басым бөлігінде топырақ күзде қалыптан жоғары ылғалданғанын алға тартты. Мұнда топырақ қату тереңдігі 153 см-ге дейін жетеді. 

“Ал кейбір аудандарда 200 см-ден асады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен едәуір жоғары. Қар жиналу барлық облыс аумағында нормадан 27–106% асады. Су тасқыны кезеңінде еріген судың көлемі көп болуы мүмкін. Сондай-ақ Шульбин және Селетин су қоймаларының жұмыс режимі әсер етуі ықтимал.Қолайсыз жағдайда Ертіс өзенінде мұз кептелістері пайда болып, су деңгейі қауіпті шегіне көтерілуі мүмкін. Орташа қауіп кей аудандар мен Ақсу қаласында болжануда”, – делінген хабарламада.

Ал Алматы облысында аумақтың басым бөлігінде топырақ күзгі кезеңде нормадан төмен ылғалданған.

“Ақпан айында температураның көтерілуіне байланысты оңтүстік аудандарда топырақ толықтай жұмсарды. Ал қалған аумақтарда топырақ қатуы азайып, 1–76 см аралығында өзгерді. Қар жиналу біркелкі емес. Таулы аудандарда көрсеткіштер нормадан жоғары. Солтүстік-батыста климаттық мәннен төмен. Наурызда ауа райы кенет жылынып, қатты жауын-шашын болған жағдайда таулы өзендерде су тасқындары болуы мүмкін. Орташа тәуекел аймағына Алматы қаласы мен оған іргелес бірқатар аудандар жатқызылды”, – деді синоптиктер.



Ақтөбе облысында аумақтың басым бөлігінде топырақ күзде нормадан төмен ылғалданған. Синоптиктердің мәліметінше, топырақ қатуы 24–150 см аралығында, ал орталық пен солтүстік аудандарда өткен жылғыдан жоғары.

“Қар жиналу біркелкі емес және негізінен нормадан төмен. Топырақ ерекшеліктерін ескере отырып, қар еру кезеңінде жер үсті ағысы мен рельефтің төмен жерлерінде жергілікті су басу болуы мүмкін. Орташа тәуекел облыстың көпшілігінде және Ақтөбе қаласында болжануда.

"Қазгидромет" РМК хабарлауынша, су тасқынының қалай дамитыны наурыз–сәуір айларындағы нақты ауа райына, температура мен жауын-шашынға байланысты болады. Өздеріңізге өзендер мұздан босатылғаннан кейін мемлекеттік органдар мен халыққа қысқа мерзімді болжамдар тұрақты түрде беріліп отырады.”, – делінген мамандар хабарламасында. 

Болжамдар синоптикалық және гидрологиялық жағдайларға қарай үнемі жаңартылып отырады.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 04 Наурыз, 2026 16:57