Шымкенттік мүгедектер тегін берілетін қоларбалардың сапасыздығын айтты
Шымкенттік мүгедектер мемлекет тарапынан беріліп жатқан қоларбалардың сапасыздығын айтып ашынады. Кезекке тұрып, біраз уақыт күтіп берілетін арбалар қозғалуға икемсіз.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Тағдыр жазуымен жүруден қалған жандардың бірі Анар Үкібаева жеті жыл бұрын жол апатына түскен. Содан бері 1-ші топтағы мүгедек атанған жанның бар тіршілігі осы бір қозғалтқыш құралына байланып қалған. Екі жыл бұрын ол Шымкент қалалық әлеуметтік қамту орталығына қоларбамен қамтамасыз ету жөнінде өтініш жазады. Сұраныс хат бір жылдан кейін қанағаттандырылады. Алайда көптен күткен қоларба мүлдем сапасыз болып шыққан.
«Берген арбаларының дөңгелегі нашар, өйткені, доңғалақтың сымдары қисайып кетеді. Қисайған соң, дұрыс жүре алмайды. Оңға, солға жүріп кетеді. Осыдан кейін тиісті орындарға бірнеше рет бардым, хабарластым, бірақ, еш нәтиже шықпады. Амал жоқ, мен өзім үшін басқа арба сатып алдым, өйткені, бұл менің аяғым, дұрыс жүріп тұруым керек қой», – дейді Анар Үкібаева. Ал, «Сынақ» мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту және әлеуметтік құқықтарын іске асыру, қорғау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мұрат Жетпісбаевтың сөзінше, тегін берілген арбалардың сапасыздығын айтып көптеген мүгедектер көмек сұрап келеді екен.
Бірлестік төрағасы оларға ауыстырып алуға қатысты құқықтарын түсіндіріп, қолдан келгенше кеңес беремін дейді. Десе де «Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Заңына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі жандарды кресло-арбамен қамтамасыз ету мемлекеттiк сатып алу байқауы арқылы жүзеге асырылады. Байқау жеңімпаздары болса қоларба сатып аларда тауардың сапасынан гөрі, санына мән беріп, пiшiнiн ескермейді екен.
« Мәселен, дене пішімі кіші адам үлкен коляскаға отырады, оның белі майысады, ыңғайсыз болады. Дене пішімі үлкен адам, кішкентай арбаға отырса, оны қажайды, жара болады. Қабілетсіз болады көп нәрсеге. Сондай нәрселер ескеріле бермейді. Егер мемлекет тарапынан қоларбаға бөлінетін қаражат сол мүгедектің өзіне берілсе, онда ол өзіне лайықты, сапалысын сатып алар еді. Бірақ, оны заң көтермейді», -дейді М.Жетпісбаев. Бұл мәселеге орай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары қоларбалардың сапасына мердігерлер жауапты екенін айтады.
«Мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, жеңімпаз болып шыққан мердігер оның сапасына жауап береді. Ал, енді сатып алынған қоларбалар сапасы түзілген келісімшартқа сәйкес, жеңімпаз мердігер кепілдік береді. Ол кепілдік бір жыл ішінде жарамды болып саналады», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Шолпан Әбілдаева. Бүгінде еліміздегі мүгедектердiң 17 пайызы оңтүстік өңiрінде тіркелген. Соңғы 3 жылда қоларбаға 664 миллионнан астам теңге жұмсалған. Ал, өткен жылы облыста мүгедектерді қоларбамен қамтамасыз ету үшін 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті.
Жіберіп алмаңыз:
Дәурен Абаев ұялы телефондардың IMEI-кодтарын тіркеу жайлы айтып берді
Қызметкерлерін науқастардан қалайда ақша алуға үйреткен бас дәрігер қызметінен кетті
Отбасын тастап кеткен әкесі өзін іздеп тапқан 14 жастағы қызын зорлап тастады
Ауғанстанда ұсталған террорист Атырау облысында жарылыстар ұйымдастырған