Шымкентте қайтыс болған баланың ата-анасы оның мектебіндегі компьютер сыныбын жабдықтап берді
№8 гимназия оқушылары білім күнін флешмобпен қарсы алды. 1000 шақты оқушы жазғы демалыстан кейін мектепке оралған сәтте оларға тосын сый әзірленген еді. Мектепте бүтіндей бір компьютерлік сынып барлық керек-жарағымен жабдықталған күйінде пайдалануға дайын тұр.
Бұл туралы Отырар арнасы жазды.
Оқушыларға мұндай сыйлықты Шерхан Егізбаевтың ата-анасы әзірлеген. Шерхан ұстаздары мен достарының есінде білімділігі, спортқа деген ерекше қызығушылығы мен ортада көңілді жүретін күйінде сақталып қалған. Олай дейтініміз Шерхан өткен жылы қайтыс болған еді.
Егізбаевтар отбасы балаларының есімі жұрт есінде қалуы үшін ол оқыған мектептегі информатика кабинетін толықтай өздері жабдықтап берген.
«Бұл гимназияда біздің әулетіміздің балалары, немерелері білім алды. Шерхан да осында оқыған. Біз өз кезегімізде балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасағымыз келеді»,-дейді Шерханның атасы Кеңес Егізбаев.
Мектеп басшылығы өздеріне сыйға берілген техниканы пайдалана отырып балаларға түрлі бағытта сабақ өтуді жоспарлап отыр. Басты мақсат оқушыларға заман талабына сай білім беру.
Егізбаев Шерхан Мұқанұлы 1989 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 2007 жылы №8 мектеп гимназиясын тәмамдап, кейіннен КИМЭП пен Ұлыбританиядағы университетте оқып бітірген. 2013 жылдан бастап Инвестициялар және даму министрлігінде еңбек ете бастады.
Шерханның әкесі Мұқан Егізбаев облыстық емхананың бас дәрігері қызметін атқарады. Ол 1999 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан облысының мәслихат депутаты.