Шымкентте бір қызды екі рет алып қашқан жігіт сотталды
Ессіз ғашықтық соттатып тынды. Шымкент соты бүгін бір қызды екі рет алып қашқан әскери қызметкерге үкім кесті. Тараздағы әскери бөлімшеде келісім-шартпен қызмет еткен Ерғалым Нұрбаев екі ретінде де 22 жастағы сүйген қызының қарсылығына қарамаған екен, деп хабарлайды КТК арнасы.
«Арманым Несібеліге үйленіп, сонымен отбасын құрып, әскери қызметімді ойдағыдай атқарып, ата-анама көмектессем бала-шағалы болсам деп едім. Осының бәрі осы жасаған әрекеттерімнің арқасында іске аспай қалды», – дейді Ерғалым Нұрбаев.
Ерғалым мен Несібелі 2014 жылы әлеуметтік желі арқылы танысып, содан бері жігіт қызға бірнеше мәрте отбасын құру туралы ойын айтқан. Қыз ата-анасының қарсы болатынын жеткізсе де, ғашық жігіт оны 2015 жылы бірінші рет достарымен алып қашыпты. Ол кезде бойжеткен дау-жанжалмен кеткенімен, үйлену туралы ойынан қайтпаған жігіт тағы бір жылдан соң ғашығын таксимен-ақ басып алып келген. Тек бұл жолы қуғыншылар полицейлерді ерте келіпті. Істі жіті тексерген сот ақыры Ерғалымның бұрын істі болмағанын және қыз жақтың кешірім бергенін ескеріп, 4 жылға шартты жаза кесті. Істің «адам ұрлау» дерегімен қозғалғанын ескерсек, 24 жастағы тараздық Мәжнүн оңай жазамен құтылып отыр.
«Аталған қылмысты Нұрбаев адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен жасады деген қылмыстық дәрежелеу белгілері өз дәлелін таппады. Жәбірленушінің арызы бойынша және сотталушының жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, сот сотталушыға ҚР ҚК-нің 63-ші бабын қолданып, шартты түрде жаза тағайындады», – дейді Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы, Жәмилә Төленова.