Шымкентте әйелін төркініне әкеліп тастаған азамат ұлымен Өзбекстанға қашып кетті
Оңтүстік Қазақстанда 22 жасар ана 7 айдан бері баласын іздеп жүр. Сарыағаштық келіншек Айдын Әбдірәсілованы күйеуі мамыр айында үйіне әкеліп тастап, өзі ұлы Увайсты алып, ізім-қайым жоғалған. Алғашында бір ай баласының күйеуімен жүргеніне сенімді болған келіншек артынша не күйеуін, не ұлын таппай қалыпты. Ал күйеуі Бекзат Еркебаевтың туыстары бала әкесінде қалуы керек деп өздерінше шешім қабылдаған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Айдын Әбдірәсілованың етегі жасқа толып еңіреп жүргеніне осымен 7 ай. Қазір тек ұлы Увайстың киімдерін иіскеп өксиді. 3 жылға жуық бірге тұрған күйеуі Бекзат Еркебаев мамыр айында Айдын мен баласын қайынжұртына себепсіз әкеліп тастапты. Тағы бір айдан кейін бір жарым жастағы ұлымен серуенге шығамын деп кеткен. Содан бері не ұлы жоқ, не күйеуі жоқ. Ал 3 ай бұрын тіпті заңды некелері де бұзылыпты.
«Атам: «бала ол шариат бойынша әкесінде қалуы керек» деп айтты. Мен анасымын десем тыңдамайды. Жақсы екенін білеміз деп іздемей отыр», – дейді Увайстың анасы Айдын Әбдірәсілова.
Айдын келін боп түскен жұртына ұлын сұрап сан мәрте барыпты. Бірақ олар баласының қайда жүргенін біле тұра айтпай, бұрынғы келіндерін қуып шыққан. Осыдан соң полицияға жүгініпті. Бір қызығы оқта-текте Сарыағаш базарында бой көрсетіп тұратын Бекзатты полиция таппай қойған екен. Жігіттің әке-шешесінің үйіне біз де бас сұқтық. Ондағылар ұлдарының Өзбекстанда жүргенін айтты.
Ал құзырлы органдардың мәліметі бойынша, Бекзат Еркебаевты іздеген екен. Тек келіншек арыз жазған сәтте заңды некеде болғаны үшін ұл ұрланбаған деген шешіммен іздеу тоқтатылған. Демек, полицейлер қайта іздеу үшін 7 ай бойы сабылған келіншек тағы шағым түсіруі қажет.
«Баланы анасына қалдыру туралы сот шешімі шықты. Ол заңды күшіне енді. Азаматша Әбдірәсілова ішкі істер басқармасына соттың шешімі орындалмау дерегі бойынша арыз түсірген жағдайда жауапкерге қатысты сотқа дейінгі тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар баласы анасына қайтарылатын болады», – деді Сарыағаш ауданы прокуратурасының аға прокуроры Мырзахмет Өтегенов.
Қазір Айдын Әбдірәсілова полицейлерге қайта шағым жазып ұлын тауып беру туралы арыз түсіріп жатыр. Яғни жазда басталып қайта тоқтаған іздеу жұмыстары қайта жанданбақ. Сарыағаштық полицейлер Бекзат Еркебаевты табу үшін өзбек әріптестерінен көмек сұрауы да мүмкін. 7 ай бұрын анасынан кеткенде бар-жоғы бір жарым жаста болған Увайс пен әкесі табылса Бекзат қылмыстық жауапқа тартылатын болады.
Жіберіп алмаңыз:
Күйеуін өлтіріп алған келіншек сот залынан ақталып шықты
Қарағандыда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қарттарға 3 мың теңгеден берілмек
11 жасар баланың Аяз Атаға жазған хаты қазақстандықтардың жүрегін тебірентті
Ақтөбеде букмекерлік кеңсе клиенттерін сабаған күзетшілер оларды тізерлеп тұруға мәжбүрлеген