Швейцариядағы тау-шаңғы курортында Жаңа жыл түні өрт шығып, 40 шақты адам қаза тапты

Швейцарияның оңтүстік-батысында орналасқан Кран-Монтана тау-шаңғы курортында Жаңа жыл түні барда ірі өрт болды. Полиция мәліметінше, шамамен 40 адам қаза тауып, 100-ге жуық адам жарақат алған. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына мерекелік пиротехниканың тұтануы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 1 қаңтарға қараған түні, шамамен сағат 01:30-да Le Constellation барының жертөле қабатында болған. Алдымен түтін пайда болып, артынша өрт жылдам тараған. Бұған дейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдары жарылыс болғанын хабарлаған еді, алайда кейін полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Reuters агенттігінің жергілікті полицияға сілтеме жасап хабарлауынша, қаза тапқандар саны 40-қа жуық, ал жараланғандар шамамен 100 адамды құрайды. Зардап шеккендердің көпшілігі ауыр күйік алған. Кейбір марқұмдардың жеке басын анықтау әзірге мүмкін болмай отыр, себебі мәйіттер қатты күйген.
Трагедия болған сәтте бар ішінде шамамен 100 адам болған. Зардап шеккендерді тасымалдау үшін кемінде 10 тікұшақ пен 40 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылған. Құтқару жұмыстарына 150 медицина қызметкері мен құтқарушы қатысып жатыр. Валле кантонындағы жақын маңдағы аурухананың жансақтау бөлімі лық толған. Оқиғадан кейін курорт аумағында ұшуға тыйым салынған аймақ енгізілді.
Алдын ала деректерге сәйкес, өртке мерекелік пиротехниканың тұтануы себеп болуы ықтимал. Дегенмен, түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте екенін Валле кантонының бас прокуроры Беатрис Пиллюд шұғыл баспасөз мәслихатында атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл оқиғаны террористік акт деп бағалауға негіз жоқ.
Өрттен кейін Le Constellation барының Instagram және Facebook желілеріндегі парақшалары өшірілген, сондықтан Жаңа жыл түніне жоспарланған бағдарлама жайлы ақпаратты қалпына келтіру мүмкін болмай отыр. Бар интерьерінің фотосуреттері ішінде ағаш элементтердің көп болғанын көрсетеді.
Швейцария президенті Ги Пармелин болған қайғылы жағдайға байланысты Жаңа жылға арналған үндеуін кейінге қалдырды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары үшін арнайы жедел желі іске қосылды.
2026 жылдан бастап доллар бағасы мен инфляция қалай өзгереді – Экономистер болжам жасады