"Швед үстелі, ланч-бокстар болады": Қазақстан мектептерінде тамақтану ережелері өзгерді
Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану нормаларын қамтитын жаңартылған бұйрықты бекітті. Онда тамақтануды ұйымдастыру тәртібі, тамақтану режимі, рацион құрамы және өнімдердің сапасына қойылатын талаптар реттеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gdemoideti.ru
Мәліметтерге сенсек, арнайы диеталар қарастырылған, қажет болған жағдайда олар медициналық көрсеткіштерге сәйкес реттеледі.
"Тамақтану дежурлық дәрігердің тағайындауымен жүргізіледі, ол науқас тарихына енгізіліп, асханаға жеткізіледі. Тамақтану режимі күніне төрт мезгіл, ал қажет болған жағдайда алты мезгілге дейін болуы мүмкін. Дайындалған тағамның сапасын аға аспазшы мен диетолог-дәрігер қадағалайды. Генетикалық түрлендірілген организмі бар (ГМО) өнімдерді механикалық жолмен өңделген құс етін және коллагенді шикізатты пайдалануға тыйым салынады", – делінген министрлік хабарламасында.
Барлық санитарлық нормалар қатаң сақталуы тиіс, тағамның сапасы мен персоналдың медициналық тексерістен өтуі бақыланады.
Білім беру саласында:
- Тамақтану стандарттары мәзірді, тамақтану режимдерін және түрлерін (өздігінен дайындау, аутсорсинг немесе кейтеринг) қамтиды. Алайда, балабақшаларда кейтерингке тыйым салынған.
- Тамақтанудың екі моделі енгізіледі: стандартты мәзір немесе көптүрлі мәзір (швед үстелі, ланч-бокстар).
- Балалардың мектепте болу уақытына қарай тамақтану саны бір реттен алты ретке дейін өзгеруі мүмкін.
- Медициналық қызметкерлер тағам сапасын, диеталардың сақталуын және санитарлық нормаларды бақылап отырады.
Тағам өнімдерінің сапасына ерекше назар аударылады:
- ГМО өнімдеріне, жарамдылық мерзімі өткен, таңбаланбаған немесе дұрыс сақталмаған өнімдерге тыйым салынады.
- Рационда 75% өсімдік өнімдері болуы керек.
- Тұз бен қант мөлшері шектеледі, йодталған тұз міндетті түрде қолданылады.
- Ет тағамдары үшін жылқы еті, сиыр еті, терісіз тауық және күркетауық еті пайдалануға рұқсат етіледі.
- Ішуге арналған сусындар – газдалмаған су, сүт өнімдері, компоттар және жеміс шайлары.
Жаңа ережелер 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.
Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі мектептердегі мәзірге түбегейлі өзгеріс жасайтын жобаны әзірледі. Газдалған тәтті сусындардың орнына хош иісті итмұрын шырыны, майлы тұздықтардың орнына жеңіл қаймақ, жылқы еті мен көкөніс салаттары ұсынылады.