Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шухрат Ибрагимов "Еуразиялық банк" пен "Евразия" сақтандыру компаниясының ірі қатысушысы атанбақ

Фото: eubank.kz

Шухрат Ибрагимовқа “Евразия” сақтандыру компаниясы мен “Еуразиялық банк” акционерлік қоғамының ірі жанама қатысушысы болуға рұқсат берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы Шухрат Ибрагимовтың “Евразия” сақтандыру компаниясы" АҚ мен “Еуразиялық банк” АҚ-ның ірі қатысушысы мәртебесін иеленуіне келісім берді.

Тиісті қаулы 2026 жылдың 30 қаңтарында қабылданды.

Айта кетейік екі компания да Еуразиялық қаржы компаниясының құрамына кіреді. Осылайша енді Еуразиялық қаржы компаниясының акционерлері қатарында Шухрат Ибрагимов пен Патох Шодиев, сондай-ақ 2025 жылы наурызда қайтыс болған Александр Машкевич (әзірге ЕҚК-дегі үлесінің мұрагерлері туралы ресми ақпарат жоқ) бар.

2025 жылдың қазанында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Шухрат Ибрагимовты “Еуразиялық банк” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындауға келісім берген еді. Шухрат Ибрагимов 2017 жылдан бері банктің директорлар кеңесінің құрамына кіреді. 

Шухрат Ибрагимов 39 жаста, Eurasian Resources Group S.a.r.l., “Еуразиялық қаржы компаниясы” АҚ және “Евразия” сақтандыру компаниясын қоса алғанда, бірқатар компанияларда басшылық қызметтер атқарады. Сондай-ақ ол Қазақстан президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі болып табылады.

Дана Русланқызы
Жұма, 30 Қаңтар, 2026 20:01