Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шотландия төрінде ән ұранымыз шырқалды: Ислам Чесноков “Хартс” ойыншысы атанды

хартсФото:Kazfootball

Қазақстан ұлттық құрамасы мен қостанайлық "Тобылдың" шабуылшысы Ислам Чесноков мансабын Еуропада жалғастырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

26 жастағы футболшы Эдинбург қаласының "Хартс" клубымен ресми келісімшартқа қол қойды.

Вингер шотландиялық ұжыммен 2028 жылдың жазына дейін ұзақмерзімді келісімге отырды. 

Чесноков "Хартс" сапына еркін агент ретінде қосылды. Бұған дейін эдинбургтік клуб қазақстандық ойыншыны сатып алуға ниет танытқанымен, трансфер бағасына қатысты ортақ шешімге келе алмаған еді. Нәтижесінде тараптар футболшының "Тобылмен" келісімшарты аяқталған соң мәмілеге келді.

Қазір "Хартс" Шотландия Премьер-лигасында қазіргі маусымында жоғарғы деңгейде ойын өрнегін көрсетіп жатыр. 

Команда 20 тур қорытындысы бойынша турнирлік кестеде көш бастап тұр. Егер осы қарқынын сақтай алса, клуб кейінгі 40 жылда алғаш рет ел чемпионы атанып, "Селтик" пен "Рейнджерстің" үстемдігін бұзуы мүмкін. Мұндай жетістікке соңғы рет 1984/85 маусымында Алекс Фергюсон баптаған "Абердин" қол жеткізген.

Айта кетейік, өткен маусымда "Хартс" чемпионатты алтыншы орынмен аяқтаған. Дегенмен соңғы бес жыл ішінде эдинбургтік команда екі мәрте қола жүлдені еншіледі.

Ислам Чесноковтың жаңа клубтағы алғашқы ойынын жақын күндері 11 қаңтарда "Дандиге" қарсы матчта дебют жасауы ықтимал. Ал егер бапкерлер штабы оны бұл матчта алаңға шығармаса, футболшы 15 қаңтарда "Сент-Мирренге" қарсы ойында алаңға шығуы мүмкін. Соңғы шешім алдағы жаттығулардан кейін қабылданады.

 

Ақерке Өмірхан
Бейсенбі, 08 Қаңтар, 2026 11:53