Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шопанның әңгімесі: Қасқырлар жауынан сақтану үшін түрлі қулық әрекеттер жасайды

Ертеректе Жетікөл ауылының шығыс жақ бетінде «Маңабай» көлі болатын. «Жетікөл жарма»  мен «Двойник» каналының ортасына орналасқан. Бүгіндері оның ізі бар да, өзі жоқ. Кейіннен егін орналастыруға байланысты «Жасқайрат» каналының ескі арнасы жаңа орыннан қазылды. Көл екіге бөлінді. Суы тартылып қалды. Ертеде бұл аумақ қасқырдың  аңғыз ордасы саналатын.

1380076664_48196590natalyaakunyage

Бала кезімізде ауыл балалары топ болып мал іздеп, сол маңға көп баратынбыз. Оның аймағы ит тұмсығы батпайтын қалың тоғай еді. Балалар улап-шулап жүргенімізде қасқырды, түлкі мен шибөріні көзіміз шалады. Ол маңға жайылуға барған уақ малды жыртқыш аңдар өз жемтігіне айналдыратын, деп жазады Ақмешіт апталығы газеті.

Әлі есімде, қыстың күні еді. Біз 7 сынып оқып жүргенбіз.    Досым  Жалғас екеуміз мал іздеп шықтық. Кеш түсе көл маңындағы үрме құм жиегіндегі қалыңның ішінде мал жайымен отырған Шопан көкенің үйіне бардық. Бейсеубет жүрген бізді көрген ол кісі «Не ғып жүрсіңдер, мұнда? Үй-іштерің біле ме?» деп сұрақтың астына алды. Мал іздеп жүргенімізді айттық. Ол кісі «Енді сендер бүгін қайта алмайсыңдар, кеш түсіп кетті. Бұл маңда қасқыр көп. Сендер үйге қайтпаңдар. Түз тағылары үйдің жанына келіп ұлығанда ұйықтай алмайсың. Шибөрілер қора етегін қазып тастайды. Мына мылтығым серігім. Түнде қораны айналғанда аспанға бір-екі атып қоям. Әйтпесе күн көрсетпейді. Талай малды жеп кетіп жатыр» деді.
Шынымен, түннің бір уағында жыртқыштар ұли бастады. Шопан көке «қасқырларды ұзақ ұлиды» деді де ол жайлы әңгіме тарқатты. Жалғас екеуміз ұйқылы-ояу тыңдауға кірістік. Таңның тез атуын іштей тілеп отырмыз.

– Мына мен отырған жер нағыз қасқырдың мекені. Құмның ық жақ жотасы. Арландар апан салып тастаған. Қасқырдың ұялағын үйшігі, ұясы демейді «әуегі» дейді. Сендер олардың басты қасиетін біле бермейсіңдер. Өздерің оқыған ертегілерде оны ақымақ етіп көрсетеді. Мүлдем олай емес. Түз тағысының азығын аулаудағы айласы түлкіден де асып түседі. Бірақ, дала жыртқышы болғанмен өте ақылды. Ата-бабамыз осы жағын  киелі санап, қатты бағалаған. Себебі, олар қанша азулы болса да  көршісіне ешқашан қастық етпейді. Сондықтан «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына»… деген тәмсіл бар қазақта. Ал, ата-бабамыз мұны білмей айтпаған. Осы қасиетін зердеге түйген ата-бабамыз тектілігін бағалай отырып, түз тағысын қанша жыртқыш болғанымен киелі деп санаған. Оған дәлелім бар. Менің малыма тиген емес.

Осыдан барып қазақ «Иттің иесі болса, қасқырдың тәңірі бар» деген. Оның себебі, қасқырды ертеректе «көкбөрі», «көкжал», «арлан», «қандыауыз», «теріс ауыз», «бөрі», «итқұс», «шона» деп атаған екен. Ал оның аталығын – абадан, арлан, көкжал, бірішек десе, аналығын – шулан, құртқа, өлекшін деген. Күшігін – бөлтірік деп атаған. «Көксерек» деп жас қасқырдың айбаттысын, қайраттысын айтқан. Бір ұялас қасқырдың тобын «әуегі» деп атаған. Енді сол топты басқаратын азулы қасқыры болады. Оны – «абадан» немесе «абдан» деп атайды. Міне, біздің ата-бабаларымыз төрт түліктің тілін ғана біліп қоймай, түз тағысының да сыры мен құпиясын меңгере білген. Арлан қасқыр бір өзі жол бастап жүргенімен, оның соңынан ерген 6-7 тобыры болады. Олар ірі қара малдарына топ болып, ұйымдасып шабуыл жасайды. Малға алдымен арлан ауыз салады. Қалғандары көмекке келеді. Соның ішінде шуланы ірі қара малының артқы аяғының тамырын қиып жібереді. Аяғы тіреуге келмеген соң ол бірден құлайды. Өлекшені ірі қараның тік ішегіне жабысады. Көкжалы малдың қарнын жарып тастайды. Бұл қимылды олар өзара атына қарай орындайды. Бірден тұтқиылдан ірі қараға шабуыл жасағанда тамақ пен құлағына жабысса ол арлан болғаны. Ірі қараға шабуыл жасағанда олардың қолданар айла-тәсілдері өте көп болады. Көбіне ұрғашы қасқыр ірі қара малының алдында иттің кейпін беріп, бұратылып, мүләйімсіп қалады. Оны иіскей бергенде, бірден тамағына жабыса кетеді. Ал, абадан қасқыр жалғыз жүріп шабуыл жасайды. Оның өзінен өрбіген 15-20 шақты әулеті болады. Сол топтың қамқоршысы, ақылшысы, көсемі саналады. Ол жемтігін көміп кетеді. Басқа қасқыр білсе де жемтікке тиіспейді. Өзінің тұқымындағы күшіктерге береді. Оған арландар мен көкжалдар қарсы келмейді.

Абаданы болмаса тобырлары кез келген итке жем болып кетеді. Олардың осындай табиғатта өмір сүру заңдылықтары бар. Мәселен, сол тобырда жүрген шуланның бөлтірігінің бірін жазым етсем, менің малдарымның біреуін де қалдырмай қырып тастайды. Олар кекшіл келеді. Міне, оның тектілігі осында, – деді Шопан көке.

Не керек, Жалғас екеуміз ол кісінің қызықты әңгімесін тыңдаумен сол түнді ұйқысыз өткердік. Бір кезде «Қой, балаларым, таң атып қалыпты. Сендер көз шырымын алыңдар» деп орнына көтеріле берді.

 

Біздер сол сәтте қосарлана  «Сіз қасқыр аулайсыз ба?» деп сұрап қалдық. Сонда ол кісі «Балаларым-ау, мен негізі Арқа жақтың адамымын. Қасқырды ауламасам, оның қыры мен сырын білмесем, осылай олармен бірге қойымды бағып, бұлай тіршілік жасамас едім ғой. Онда бұл әңгімені неге айтып отырмын» деді де қора жаққа кетті…

Арада қанша уақыт өткені белгісіз, ұйқыдан ояндық. Айнала тым-тырыс. Орнымызда біраз жаттық. Жертөле сондай жып-жылы. Бір кезде есік ашылды. Келген Шопан көке екен. «Орындарыңнан тұрыңдар. Кенбайтөбеге барамыз. Сендердің уақ малдарыңды таптым. Аталмыш маңға қақпан құрып кеткенмін. Оны екі-үш күннен бері көрген жоқпын, жолай көре саламыз» деді. Біз орнымыздан жылдам тұрдық. Дереу ол кісімен бірге жолға шықтық. Астымыздағы тайларымыз тың. Шопан көкенің аты аяңшыл екен. Арасында біздер шауып қоямыз. Малымызды тауып берді. Қасқыр шауыпты, мал басы кем шықты. Содан малды айдап келе жатқанда астымдағы тай аяқ асты оқыранып алға баспай қалды. Қос құлағын қайшылап, пысқыра берді. Сол кезде ағамыз «Балалар тұра тұрыңдар, осы маңда қасқыр болды ғой» деп алға шауып кетті. Сөйтті де бір қалың жыңғылды айналды да, бізді шақырды. «Әне, анау дәу жыңғылдың түбіне оралып қалған қасқырды көрдіңдер ме?  Ешқандай қорықпаңдар, жігітсіңдер ғой сендер! Менің қақпаныма түсіп қалыпты. Ауыртпалықты сүйретіп кете алмаған ғой» деді ол кісі. Содан ер артындағы ат дорбадан әбден жіппен оралған қалың киімді алып, көзі жайнап, арылдап тұрған қасқырға қарай жүрді. Көкжал аузынан жалын атып, ешкімді маңына жолатар емес. Жаңағы оралған затты оның аузына тоса қалды. Анау жабысқан күйі қатып қалды. Ауызына тістеткен затты қатты тартып тұрып, оң қолындағы басына қорғасын құйылып жиедеден жасалған дүмбімен қасқырдың басынан бірнеше рет ұрды. Сол кезеңдер Шопан көке жетпістің үстіне шығып кеткен үлкен кісі болатын. Жігіт секілді ширақ қимылдауымен есімде қалды. Қасқыр әрең дегенде құлады.
Ағамыз белдігінен кездігін алды да, оның терісін сыпыруға кірісті. Осылай Жалғас екеуміз соғып алған қасқырды алғаш рет көзімізбен көрдік. Жолай түз тағысының жон-терісін сыпырып алған көкемізден арлан жайлы тағы сұрадық.

– Жаңа сендер байқамаған шығарсыңдар. Қолымдағы затты қасқырдың көзіне көзімді тіке қаратып тұрып тістеттім. Олай болмаса, ол өзіне жолатпайды. Ондай сәтте аяғымен топырақ шашуы мүмкін. Міне, оның ақылдылығы. Оның ондай да жауларын жолатпайтын айласы болады. Мұны біреу біліп, біреу білмейді. Ол аяғын шайнап тастап кетуге үлгермеген. Кейде солай жасайды. Мына орағанды «білекше» дейді. Негізі, бұрындары аңшылар өзінің білегіне орап барып, оған тістетін болған. Қазір менің жасым келді. Сондықтан бұны өзіме сақтық үшін жасағам. Талай көкжалды осымен ұрып алдым.

Қазір қыс мезгілі. Қаңтар айында қасқыр ой-қырды көп кезеді. «Қасқыр жүйрік жылыс жоқ» деген мақал барғой қазақта. Көп жортқанмен ол өте сақ келеді. Оның олай шиырлап жүруін із тастау деп атайды. Өз маңайын көп шиырласа сол топтың аш-құрсау жүргенін білдіреді. Оны «қасқыр жортақ» деп айтады. Жортып жүрген кезеңінде кез келген жануарды алып түседі. Осының бәрін ол ақылмен істесе, екінші жағынан ізіне түскен жауын шатастыру  болып табылады. Соңына түскен тазы ит те, көп ізден аңшы да шатасып қалады. Жалпы, қазақ ақпан айын амал айы деп айтады. Осы айда олар жұп құрып ұйығады. Бұл кезең «Бөрі сырғақ» деп аталады. Олар ұйыққан шақта ауа-райы жиі бұзылып жаңбыр аралас қар жауады. Бұл шақты аңшылар жақсы біледі. Дәл осы тұста қасқырлар ұйыға отырып топ құрып, малдарға жиі шабуыл жасайды. Керек десеңіз, адамға да қауіп төндіреді.

Қыста қасқырды аулау өте оңай. Өйткені, оны аулаудың бірнеше жолдары бар. Қар қалың жылдары омбы қардан ор жасау арқылы қолға түсіруге болады. Ол әсіресе арқа жақта көп қолданылады. Бұдан да басқа жемтік шырға, арқан шырға, қода шырға, тұзақ салу, қармақ салу, тор салу, қақпан салу тағы сол сияқты тәсілдермен аулауға болады. Қасқырдың шұбырынды ізін «жымы» дейді. Осы ізге тұзақ, қақпан, қода салу арқылы аулаған тиімді. Адамның ізінен иісті тез сезеді. Білген жағдайда ол жымын тез ауыстырады. Ондайда адам табанына жусан шөп болмаса киіз байлаған абзал,– деп көкеміз біраз сыр тарқатқан-ды.
Ол кісінің әңгімесінен табиғатта өз орны бар аңның қасиеті мен тектілігін ұқтық. Жыртқыш ғана емес, ақылы мен айласы қатар жүретіндігін байқадық. Нағыз табиғаттың тазалықшысы екенін түсіндік. Өйткені, ауру немесе әлсіз жануарлармен қоректенетінін сыныпта оқып жүргенде кітаптан оқып білгеніміз тағы бар. Жалпы, біздің ауылда Көшен, Түсеке, Мәулен, Мәден, Сақтаған, бала Сақтаған, Иманғали, Шопан, Жақсылық секілді елге белгілі аңшылар өткен.  Беріде олардың көзін көрген, бүгінде ауыл ақсақалына айналған Қаржаубай, Зұлпыхар сынды аңшылар бар.

Жіберіп алмаңыз:

Атыраулық шопан қасқырмен айқасып 700 қойын аман алып қалды

71 жастағы қарт 150 қасқырмен бірге тау арасында тұрып жатыр (фото)

35 жастағы азамат екі қасқырды ауласында ит орнына асырап отыр

Қырғызстанда үйге кіріп кеткен қасқыр балаға бас салған

Иесінің күшік кезінен асыраған иті қасқыр болып шыққан (фото)

Талқылау