Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО: Туризм – өңір дамуының берік тірегі

шқо

Туризм – ел экономикасын алға жетелейтін, өңірлердің әлеуетін ашатын маңызды сала. Ол тұрақты табыс көзін қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің кең қанат жаюына ықпал етеді. Сонымен қатар туризм өңірлердің экономикалық құрылымын жаңғыртып, дамудың жаңа бағыттарын айқындайды.

Шығыс Қазақстан облысы табиғи байлығы мен көркем келбеті үйлескен айрықша өңір саналады. Алтайдың асқар таулары, Катонқарағайдың мәуелі ормандары, Марқакөлдің тұнық сулары мен саф ауасы бұл өлкені сирек кездесетін табиғи қазынаға айналдырған. Табиғаттың осынау көріністері туристік бағыттарды дамытуға мол мүмкіндік береді.

Биыл Қазақстанға 15,3 миллион туристің келуі елдің туристік әлеуетіне деген қызығушылықтың артқанын аңғартады. Бұл көрсеткіш өңірлердегі экономикалық белсенділіктің күшейіп, қызмет көрсету саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Алдағы жылдары Шығыс Қазақстанға келетін туристер легін ұлғайту көзделіп отыр. 2026 жылы ішкі туристер санын 534 мың адамға, ал шетелдік қонақтар қатарын 44 мың адамға жеткізу жоспарланған. Бұл міндеттер өңір экономикасына серпін беріп, туризмді дамытудың нақты тетіктерін іске асыруды талап етеді.

Туризм саласын өркендету инфрақұрылымды жетілдірумен, қызмет көрсету сапасын арттырумен және қолайлы жағдай қалыптастырумен тығыз байланысты. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар Шығыс Қазақстанның тартымдылығын арттырып, өңірді бәсекеге қабілетті туристік аймаққа айналдыруға жол ашады.

Өңірдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, туризмді бірнеше негізгі бағыт бойынша дамыту жоспарлануда. Катонқарағай ауданында денсаулықты нығайтатын уэлнесс-туризмге басымдық берілсе, Марқакөл өңірінде экологиялық туризмді дамыту көзделген. Риддер қаласы тау шаңғысы туризмінің орталығы ретінде қалыптасса, Өскемен қаласы мен оған іргелес Ұлан және Глубокое аудандарында демалыс күнгі туризмді жүйелі дамыту жоспарланып отыр.

Осы бағыттардың жүзеге асуы Шығыс Қазақстанның туристік келбетін айшықтап, өңір экономикасының тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуына негіз қалайды. Табиғат сыйын ұтымды пайдалану арқылы туризм ел болашағына қызмет ететін маңызды салаға айналмақ.

Назархан Уән
Жексенбі, 08 Ақпан, 2026 13:06