ШҚО мектептерінде салт-дәстүр сабақ ретінде оқытылады
«Қазақстан халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары». Шығыс Қазақстан облысының мектептерінде енді осындай жаңа пән оқытыла бастайтын болады.
Жаңа пәнді білім ордаларына енгізу идеясын облыс прокуроры Бағбан Тәйімбетов ұсыныпты. Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен Бас прокуратураның қылмыспен күрес бойынша жүзеге асыратын алдын алу шаралары саясатын басшылыққа алған бастаманы Білім және ғылым министрлігі, облыс әкімдігі мен білім басқармасы бірден құптаған көрінеді.
Жаңа пәннің мақсат-мұраты қандай? Қандай қажеттіліктен туындады? Қалай оқытылады? Облыстық прокуратурада Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова, облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова мен облыс прокурорының қатысуымен өткен жаңа пәннің тұсаукесер рәсімінде бұл сауалдарға жан-жақты жауап берілді. Облыс прокуроры Бағбан Тәйімбетовтің айтуынша, жаңа пән алдымен жас буынды ата дәстүрден алшақтамай, елін, жерін сүюге, құндылықтарға құрметпен қарауға үйретуді мұрат тұтады.
“Жасыратыны жоқ, соңғы кездері дәстүрлі емес діни ағымдарға қосылып жатқан жастарымыздың қатары көбейіп барады. Бұл, әрине, бәрімізді де алаңдатады. Мұның бір ұшығы олардың өз халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жетік білмеуінде жатыр ма деп ойлаймыз. Сондықтан да балаларға мектеп жасынан бастап әрбір этностың, діннің, әртүрлі мәдениеттердің ерекшеліктерін оқытып, түсіндіруіміз қажет. Оларды түсіністікке, шыдамдылыққа баулуға тиіспіз. Байтақ даланы сақтап қалған бабаларымыз салт-дәстүрді берік ұстана отырып, тәрбие мәселесіне айрықша мән бергені мәлім. Тәрбие мен салт-дәстүрдің тізгінін қатар ұстай білгендіктен ұрпағы жатбауыр болып, жат ағымның жетегінде кеткен жоқ. Ділінен, дінінен безген жоқ. Сондықтан мектеп оқушыларына саф алтындай салт-дәстүрімізді ерте бастан оқытсақ, ұтылмайтынымыз анық”, – дейді облыс прокуроры.
Білім басқармасының басшысы Айжан Садықова жаңа пәнді оқытуға әзірге 17 сағат бөлініп отырғанын айтады. Яғни, мектеп оқушылары екі аптада бір рет Қазақстан халқының салт-дәстүрлері және әдет-ғұрыптарымен жан-жақты танысады. Егер қанатқақты жоба сәтімен жүзеге асып, ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан қолдауға ие болса, Білім және ғылым министрлігі бұл бастаманы республиканың өзге де білім ошақтарына енгізуді жоспарлап отырған көрінеді. Қанатқақты жоба әуелі Өскемендегі №17, 43 мектептердің бесінші сынып оқушыларына арнайы факультатив сабағы ретінде оқытыла бастайды. Жыл соңына дейін Семей қаласы мен Глубокое және Ұлан аудандарының 9 мектебі жаңа пәнді тәжірибеден өткізіп көрмек.
Жаңа пәннің бағдарламасын әзірлеген жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Жылқыбаеваның айтуынша, бағдарламалық кешен бағдарлама, мұғалімдерге арналған нұсқаулық және оқушыларға арналған оқу құралы сынды үш бөлімнен тұрады.
“Біздің мақсатымыз – қазақ халқының ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де тарих толқынынан өтіп, сұрыпталып бізге жеткен асыл мұрасын, мәдениетін, тарихын жас ұрпақтың бойына сіңіру. Сол мақсатқа жету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қазақта «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз бар. Аумалы-төкпелі мынау заманда жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсету – аға ұрпақтың парызы”, – дейді филология ғылымдарының докторы Амантай Жылқыбаева.
Жаңа пәнді мектептерге енгізу немесе енгізбеу мәселесі оқу жылының соңында белгілі болады. Әуелі тәжірибе жүргізілген сыныптардың оқушылары емтихан тапсырады. Нақты шешім соның нәтижелеріне орай қабылданады.
Азамат Қасым
«Егемен Қазақстан»
Жіберіп алмаңыз:
Қазақтың салт-дәстүрлері Ислам дініне қайшы ма
Әр аймақтағы қазақтың салт-дәстүріндегі өзіндік ерекшеліктер
Қазақтың салт-дәстүрін қаншалықты білетініңізді тексеріп көріңіз