ШҚО-да сиырларды робот сауады
Шығыс Қазақстан облысы, Бобровка ауылындағы сиырларды роботпен сауатын шаруашылықта болдық. Талғат Қырықбаев аталған ауылда 1982 жылдан бері еңбек етіп келеді. Зоотехник, бас зоотехник қызметтерін атқарған білімді де білікті маман заман ағымына қарай 1996 жылы «Бобровка+» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып алады.
Арада үш жылдан кейін Өскемендегі «Шығыс-Сүт» ЖШС-мен бірлесіп, асыл тұқымды мал өсіруге бет бұрады. Сүті мол «Симменталь» сиырларын Чехиядан, соңынан Ресейден сатып ала бастады. Тәулігіне 15, тіпті, 30 литрге дейін сүт беретін асыл тұқымды мал өсіру оңай шаруа емес екені белгілі. Қолға алған ісін аяқтамайынша тыным таппайтын іскер азамат бұл қиыншылықтың бәрін жеңді, деп жазады Дидар газеті.
“2012 жылы өңірде бірінші болып сауын сиырларды роботпен саууды қолға алған едік. Бастапқыда бұған үрке қарағандар болды. Ал шын мәнінде қолайлы, заманауи талапқа сай келетін бұл әдісті қазір өңірдің бірнеше шаруашылықтары қолға ала бастады. «Делеваль» қондырғысы қымбат болғанымен, тиімді жақтары жетіп артылады. Біріншіден, сиырларды сауу компьютермен басқарылады. Бір сиыр күніне неше рет сауылады, қанша сүт береді, барлығы электронды сайтта тіркеледі. Бұл істі өз ісінің шебері Ақмарал Нұрмұханбетова атқарады. Мал цехының меңгерушісі Геннадий Зайкин тәжірибелі маман болғандықтан біз оған күрделі істерді сеніп тапсырамыз. Қазір бұрынғы цехта алты, ал жаңасында үш «Делеваль» қондырғысы бар. Қазір 380 сиыр, ал келешекте 600 сиыр роботпен сауылмақ, – деп Талғат Қырықбаев іс барысынан хабардар етті.
“Облыс әкімі Даниал Ахметов тауарлы-сүт фермаларын құру жөнінде тапсырма берген болатын, – дейді аудан әкімі Қалихан Байғонысов әңгімеге араласып. -Ауданда қазір бірнеше тауарлы-сүт фермасы бар. Бір ғана мысал, Солнечный ауылындағы Ришад Ахмадиев басқаратын «Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығы» ауданның тұрғындарының 33 пайызын сүтпен қамтамасыз етуде. Талғат Қырықбаевтың ұжымы тәулігіне 3200 литр сүт алуда. Олар жақында ғана Ресейден асыл тұқымды 56 сиырды сатып алды. Демек, кәсіпорынның қуаты арта бермек.
Қаз-қатар тұрған асыл тұқымды мал жем-шөпті рацион бойынша тұтынады. «Делеваль» қондырғысына алаңсыз кірген сиырлар үш-төрт минөтте шығып жатыр. Сиырларды саууды небары үш оператор қадағалайды екен. Ал біреуі кезекте тұрады. Робот қызметін бақылайтын Ақмарал компьютерге бір ауысымда қанша сүт сауылғанын тіркеп қояды. Мұнда қызмет ететіндердің жалақысы 90 мың теңгеге таяу. Сауылған сүт Украинка мен Белокаменкадағы сүт зауытына жіберіледі.
Ауылдың күншығыс жағында заман талабына сай сапалы салынған, сиырларды роботпен сауатын фермада қайнаған еңбек түннің бір уағына дейін жалғаса береді.
Жіберіп алмаңыз:
Қытайлық робот-журналист бір секундтың ішінде бір мақала жазып тастады
Роботқа ғашық болып қалған бойжеткен оған тұрмысқа шыққалы жатыр (фото)