Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мүлікке таласып, жындыханаға жатқызып тастады": Қазақстандық бес бала аналарын қорғауды сұрап отыр

бес баланың анасын жындыханаға жатқызғанФото: Видеодан скрин

Ақтөбе қаласында Есболовтар отбасының бес баласы өз аналары Жұлдыз Тлеуфті қорғауды сұрап, көмекке жүгінді. Қазір олар жалдамалы пәтерде тұрып жатыр, ал аналары Алматыдағы арнайы медициналық орталықта тексеруден өткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Құралай Есболатова үйіндегі үлкен қыз. Олардың отбасы бұған дейін Ақтөбе облысының Қобда ауданында тұрған. Ата-анасы ажырасқаннан кейін анасы балаларымен бірге Ақтөбеге көшіп келген. Кейін туыстар арасындағы мүлікке байланысты дау туындап, соның салдарынан анасы мәжбүрлі түрде психиатриялық орталыққа жатқызылған.

"Біз бес баламыз, бәріміз оқимыз, ешқашан мектеп пен балабақшаны тастамадық. Анам туралы жақсы мінездемелер бар. Бірақ нағашы тәтем дәрігерге "ана есінен айрылған, балалар қараусыз қалған" деген жалған мәлімет берген. Осыдан кейін анам ауруханаға жатқызылды. Ал оның телефонын пайдаланып, үйімізді сатып, таныстардан ақша жинап алған. Кейін анама шизофрения диагнозы қойылды. Біз сотқа арыз бердік. Қазір анам Алматыда тексеруден өтіп жатыр", – дейді Құралай өз бейнеүндеуінде.

Бес бала сәуір айында қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы "Аялаға" орналастырылған. Орталық директоры Гүлбарша Жиенқұлованың айтуынша, ол кезде анасы ауруханада болған. 

Мамыр айында ауруханадан шыққан соң, ол "балаларыммен баруға жерім жоқ" деп Дағдарыс орталығына жіберілген. Кейін анасы мен үлкен қызы өз еріктерімен орталықтан кеткен. Қазір ең кіші бала 4 жаста, ал үлкені колледжде оқиды. Балалардың бәрі оқу орындарына барып жүр.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, ата-аналары 2021 жылы ресми түрде ажырасқан. Әкесі балалардың тәрбиесі мен қамтамасыз етілуіне қатыспайды. Ананың ата-ана құқығы шектелмеген, ал атына тіркелген тұрғын үй жоқ.

"Бұл жағдай облыстық білім басқармасы мен Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының тұрақты бақылауында. Анасының медициналық тексеру нәтижелері шыққан соң, қамқоршылық мәселесі заң аясында шешіледі", – делінген ресми хабарламада.

Қазір Жұлдыз Алматыда емдік тексеруден өтіп, ал бес бала үлкен әпкесі Құралайдың қарауында. Комитет өкілдерінің айтуынша, іс толық зерттелген соң ғана нақты шешім қабылданады.


"Бағанашыл" балалар үйіндегі тәрбиеленушілер уақытша Алматыға көшірілмек


Қарағандыда оқушылардан ақша бопсалады деп айыпталған 17 жастағы жасөспірім жындыханаға жіберілді


Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында әйел есінен танып қалғаннан кейін жындыханадан бір-ақ шыққанын жазған едік. Ақтөбе облысында бес айлық сәбиі бар Ақнұр Шакир есінен танып қалғаннан кейін психиатриялық ауруханаға күштеп жатқызылғанын айтып отыр. Әйелдің айтуынша, клиникада оған белгісіз дәрілерді мәжбүрлеп ішкізген. Дәрігерлер бұл әрекетті аудандық аурухананың жолдамасымен түсіндіреді, бірақ нақты негізі белгісіз. Қазір Ақнұр отбасымен бірге ата-анасының үйінде тұрып, өзін заңсыз емханаға жібергендерге қатысты шара қолдануды талап етпек.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 15 Қазан, 2025 19:16
Талқылау