"Шыңғысханды дәріптесеңіздер, онда Гитлер мен Сталин де керемет!": Дархан Әбдік "комплексі бар, шаласауатты" жазушылар туралы
Белгілі журналист, «Қазақстан» ұлттық арнасындағы "Парасат майданы" жобасының авторы әрі жүргізушісі Дархан Әбдік "Абай" ұлттық порталына сұхбат беріп, қоғамдағы көкейтесті мәселелерге, БАҚ-тың атқарып жүрген міндетіне және соңғы уақытта жиі көтеріліп жүрген Шыңғыс хан мәселесіне қатысты тоқталып өтті.
Шыңғысхан туралы жағымды образды - комплексі бар жазушылар ойлап тапқан
Зиялы қауымның арасында Шыңғысханның ұлты туралы дау мен оның Орталық Азия өркениетіне жасаған қиянаты туралы сауалға қаламгер:
"Айтылмайды. Айтылмайтын себебі - біздің жазушыларымыздың көбі жастайынан төбелесіп өспеген. Ал, төбелесіп өспеген адам әрқашан қара күшке табынатын қорқақ болады. Қорқақ адамның барлығы билік басындағы біреудің қара күшін пір тұтады. Біреуге зорлық-зомбылық жасаған адамды керемет көреді. Мысалы, маған Шыңғысханның ұлтының кім екені бәрібір. Өйткені, Шыңғысханның зұлымдарықтарының барлығы тарихта қалды. Мысалы, оның Отырарды алған кезде бүкіл халқын қалай қырғаны, кітапханаларды өртегені, Қайырханның көмейіне қорғасын құйғаны туралы деректер бар. Шыңғысхан - домбыраның көмейіне қорғасын құйған адам. Естеріңізде бар ғой, "Ақсақ құлан" деген күйдің аңызы. Домбыраның көмейіне қорғасын құйды деген не сөз? Ол - халықтың үнін өшірді деген сөз", - деп жауап берді.
Қазақтың аңызында, фольклорында Шыңғысхан туралы бір де бір жағымды сөз жоқ екенін тілге тиек еткен Дархан Әбдік оны ойлап тауып жүрген кейінгі "сауаты шамалы, комплекстары бар жазушылар" дейді.
Шыңғысханды дәріптейтін болсақ - әл-Фарабиді жоққа шығару керек!
"Егер сіздер Шыңғысханды дәріптесеңіздер, онда әл-Фарабиды жоққа шығару керек. Өйткені әл-Фараби шыққан Отырарды құртқан - Шыңғысхан! Егер сіздер Шыңғысханды дәріптесеңіздер, онда, Гитлер де керемет. Онда Наполеон да, Сталин де керемет. Егер Сіздер адамның ұлылығын оның парасатымен, ізгілігімен емес, тек, жаулап алу құдыретімен өлшесеңіздер, онда Шыңғысханға табынасыздар. Бірақ, Шыңғысханға табынған қоғам - ешқашан ізгілікті қоғам болмайды", - деп Дархан Әбдік мырза ұлы билеушіге қатысты пікірін білдірді."
Сонымен қатар журналист Шыңғыс ханның жорықтары Орталық Азия елдерінің дамуын жеті ғасыр артқа шегергенін атап өтті.
"Моңғол шапқыншылығына дейін Орталық Азияда көшеде кітап сатылды, адамдар оқуды, жазуды білді деген сөз. Демек, онда өркениетті орта болды деген сөз. Ал, Моңғол шапқыншылығынан кейін біз кітап оқуды, жазуды қашан үйрендік? Совет үкіметі келген соң ғана үйрендік. 200 емес. Мысалы, Шыңғысханның шапқыншылығы XIII ғасырда болса, біз қайтадан оқып-жазуға XX ғасырда ғана келдік. Сонда, екі жүз емес, жеті жүз жылға кейін шегеріп тұр. Демек, біз өркениеттен жеті жүз жылға кешеуілдедік", - дейді ол.
Қоғам қайраткері орта ғасырларда 200 мың халқы болған Отырар секілді қалалар талқандалмағанда, бүгін Лондон, Париж, Нью-Иорк деген қалаларға айналатын едік деген пікірде.
"Орталық Азияның өркениеті - қазір бүкіл Европа, бүкіл әлем сүйсінетін өркениет болар еді", - деген пікірде журналист.
Мемлекеттерді жойып, өзен арнасын бұрып отырған: Ұлы қолбасшы Шыңғысхан туралы қызықты он дерек