Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шыңғырған дауысты естідім": Жамбыл облысында орманшы жанып жатқан көліктен 5 адамды алып шықты (видео)

Жамбыл облысында 13 қыркүйек күні жантүршігерлік жол апаты болып, Көкжелек ауылының тұрғыны Мәди Махсұтұлы жанып жатқан автокөліктен 5 адамды шығарып алды. Мәди Әлиев Stan.kz тілшісіне жол апатының қалай болғанын және адамдардың қалай аман қалғанын айтып берді. 

Фото: Видеодан скрин

Мойынқұм ауданы Көкжелек ауылының тұрғыны Мәди Әлиев жол апатының көз алдында болғанын айтты. 

“Жол апаты Шу-Мойынқұм тас жолында 13 қыркүйек күні сағат 16:00 шамасында болды. “Audi” автокөлігі келе жатқан, қарсы бағытқа газель шығып екеуі бетпе-бет соқтығысты. Мен “Audi” көлігінің артында келе жатқанмын. Көре сала тоқтап, жанына барсам автокөлік жанып жатыр екен. “Шығарыңдар” деп айғайлап жатты, шыңғырған дауысты естідім. Сөйтіп берден іштегі адамдарды шығаруға кірістім”, – дейді Мәди Әлиев.

Ол өртке оранған автокөліктегі адамдарды құтқарып, көзсіз ерлік танытқан. Алайда қанша тырысқанымен адам шығынынсыз болмады. Құтқарылғандардың ішінде дүниеге келгеніне 15 күн толған нәресте болған.

“Жеңіл көліктен 5 адамды шығардым. Оның ішінде жүргізуші, жолаушы отыратын орында бір жігіт болды, артқы орында әйелі мен екі баласы бар екен. Бірінші жүргізушіні шығардым, қарасам алдында отырған жігіт шыңғырып жатыр екен. Соны жұлқылап тартып жатсам, астынан сәбидің даусы шықты. Асты жаққа қарасам басы көрінді. 10-15 күндік нәресте екен. Бір жігіт келіп көмектесті, екеуіміз шығарып алдық. Артқы есікті ашсам жігіттің келіншегі жүріп кетіпті. Жол апаты болған сәтте-ақ көз жұмған екен. Әйелді шығардым. Содан тағы бір баланың даусын естідім. 1,5 жастағы қыз бала екен. Оны да алып шықтық. Жігіт қатты қысылып қалыпты, шығара алмай жатқанда “тірідей жанып кетеді-ау” деген ой болды. Бірақ амалын тауып шығардық. Газель жүргізушісі аман”, – дейді азамат.

Жамбыл облысының полиция департаменті жантүршігерлік жол апатына қатысты тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді.

“Жол-көлік оқиғасының салдарынан "Ауди С4" маркалы автокөлігіндегі жолаушы әйел оқиға орнында қайтыс болды. Осы автокөліктің жүргізушісі мен түрлі дене жарақаттарын алған екі жас жолаушы аурухананың  жансақтау  бөліміне жатқызылды.
Қазіргі таңда қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды. Тергеу әрекеттері жалғасуда”, – делінген хабарламада.



Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, қазір зардап шеккен 4 науқас ауруханада ем алып жатыр.

Мәди Әлиев – Көкжелек ауылында “Бурыл байтал” орман шаруашылығында орманшы болып қызмет етеді. Жұбайымен екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.

Болған жағдайдан кейін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев “бейбіт күннің батыры” деп Мәди Әлиевпен кездесіп жергілікті тұрғындардың атынан ризашылығын білдірді. Облыс басшысы ер азаматқа алғыс хат пен сыйлықтар табыстап, мемлекеттік наградаға ұсынған.

Ербол Қарашөкеевпен кездесуге Мәди Әлиевтің ұлы Жансұлтан да келді. Облыс әкімі Жансұлтанға сәттілік тілеп, домбыра тарту етті.

 

Талқылау