Шымкенттің аудан әкімінің төбелескен видеосы тарады

Желіде Шымкенттің аудан әкімінің төбелескен видеосы тарап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бейнежазбаны Facebook парақшасында адвокат Айгүл Орынбек жариялаған. Оның айтуынша, видеоны ол өткен жылдың күзінде алған. Кадрларда Шымкенттің Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевқа ұқсас адам белгісіз ер адамға шабуыл жасап жатқан көрінеді.
“Ғабит Сыздықбеков заңды түрде шара қолданады деген үмітте болдым. Өкінішке қарай, бұл видео журналистерге тарала бастағанына қарағанда, әкімдік тарапынан ешқандай шара қабылданбаған сияқты. Видеода Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі өз қызметкеріне күш қолданып, ұрып-соғып жатқаны көрінеді. Иә, қызметкер жұмысынан айырылып қалмас үшін әкімге қарсы арыз жазбауы мүмкін. Бірақ жанына қатты батқан адам бұл видеоны бекерден-бекер таратпайды ғой. "Айгүл-ау, Шымкентте бандиттер өріп кетті ғой, неге үндемей отырсың?" дейсіздер. Айдың-күннің аманында әкімдіктің алдында әкім орынбасарын атып, бір әкім өз қызметкерлерін ұрып-соғып жатқанын құзырлы органдар көріп-біліп тұрып үнсіз отырса, мен не деуім керек? Бұл қалаға президент алдында жауап беретін адам бар ғой. Сол жауап берсін. Соңғы уақытта Шымкентте неге қылмыстық әрекеттер көбейіп кетті? Неліктен әкімдік қызметкерлері бір-біріне оқ атып, төбелесуге дейін барып жатыр? Әкімдік бандиттердің ордасы емес қой”, – деп жазды Айгүл Орынбек.
Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі тексеріс басталғанын хабарлады. Оның нәтижелері кейін жарияланбақ.
"Әлеуметтік желілерде бір аудан әкімінің қатысуы мүмкін оқиға бейнеленген видеожазба тарап жатыр. Бұл факт бойынша жан-жақты және объективті тексеріс басталатынын хабарлаймыз. Видеожазбада көрсетілген деректер расталса, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Тексеріс аяқталғанға дейін алдын ала қорытынды жасаудан бас тартуды сұраймыз", – делінген хабарламада.
Алмас Абаев Қаратау ауданының әкімі лауазымына былтыр сәуірде тағайындалған. Бұған дейін ол Шымкент және Абай облыстарындағы мемлекеттік сатып алу басқармаларын басқарған.
Айта кетейік, бұған дейін олимпиада чемпионы, Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевті оның орынбасары самбодан әлем және Азия чемпионы Дәурен Есімханов соққыға жыққаны туралы жазған едік. Артынша Жұмыс орнында жанжалдасқан Серік Сәпиев пен оның орынбасары қызметінен кеткен.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді