Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүкті болуды 9 жыл армандаған: Келіншек репродуктивті емханада ота жасатқаннан кейін балалы болу мүмкіндігінен айырылған

ерлі-зайыпты

Видеодан скриншот

Шымкенттік ерлі-зайыпты репродуктивті емханалардың бірінде емделгеннен кейін мүлдем ата-ана болу мүмкіндігінен айырылғанын алға тартады. Әйелдің айтуынша, ота оның денсаулығына кері әсер етіп, балалы болу қабілетінен айырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

32 жастағы Нұрсұлу Ерескенова күйеуімен тоғыз жылдан астам балалы болуды армандаған. Олар әртүрлі мамандарға хабарласып, тексеруден өтті. Бірақ көптен күткен жүктілік болмады. Cоңғы үміті Шымкенттегі репродуктивті емханалардың бірі болды. Әйелдің айтуынша, дәрігерлердің араласуынан кейін бұл үміт толық үзілген.

"Әйелдерде жүкті болу мүмкіндігіне жауап беретін антимюллер гормоны бар. Емханада жасалған отадан кейін бұл гормон жойылды. Бұған дейін бала көтеруге мүмкіндік болды, енді жоқ. Қазір олар тек донор нұсқасын ұсынып жатыр, бірақ мұның өзі нақты емес", – деді Шымкент қаласының тұрғыны Нұрсұлу Ерескенова.

Нұрсұлу ЭКҰ жасату үшін емханаға барған. Дәрігерлер жатырынан киста анықтап, ота жасауды ұсыныпты. Дегенмен оған мұның ықтимал салдары туралы ескертпеген дейді. Отаға дейін антимюллер гормонының деңгейі 3,2 болды. Отадан кейін көрсеткіш 0,81-ге дейін төмендеген.


"Жай тісі шығып келе жатқанын айтты": Жезқазғанда бір жарым жастағы бүлдіршіннің ата-анасы оның өліміне дәрігерлерді кінәлады


"Болашағымызды құртты. Қазір жатыр да жарамсыз деп отыр. Қалай өмір сүрерімді білмеймін. Ота жасады, бірақ жауапкершілікті ешкім мойнына алып жатқан жоқ", – деді әйел.

Күйеуі Ерғали Ерескенов емделуге төрт миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалғанын айтады. Қазір оларға тек донорлық бағдарламалар ұсынылды, бірақ ерлі-зайыпты бұған дайын емес.

"Тоғыз жыл некемізде тек баланы армандадық. Егер балалы болсақ, мұнда жүгінбес едік. Миллиондарды жұмсап, қазір ақшасыз, үмітсіз қалдық", – деді ер адам.

Ерғалидың айтуынша, кеткен шығынды өтеу мәселесі де жабық қалып отыр. Ерлі-зайыпты денсаулық сақтау министрлігіне, қалалық денсаулық сақтау басқармасына және медицина саласындағы бақылау департаментіне үндеу жолдаған. Енді жағдайды сот арқылы шешуге ниетті.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 17 Маусым, 2025 14:20
Талқылау