Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 4 баланың анасын бұрынғы күйеуі бауыздамақ болған: Әйел мүгедек болып қалды

Шымкентте ер адам бұрынғы әйелінің тамағын пышақпен кесіп, омыртқасына зақым келтірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жабарлайды.

Фото: Getty Images

Оқиға туралы адвокат Жанна Оразбақова айтып берді.

Жанна Оразбақова Instagram парақшасында Шымкентте болған жантүршігерлік оқиға туралы мәліметтер бөлісті. Оның айтуынша, ер адам бұрынғы әйелін аңдып жүріп, оған шабуыл жасаған.

Адвокаттың айтуынша, ер адам бұрынғы әйелінің тамағын кесіп, омыртқасына зақым келтірген. Әйел тірі қалғанымен, қазір жүре алмайды.

"Мұндай қатыгездікті қалай түсіндіруге болады? Жыртқыш аңдардың өзі серіктеріне бұлай жасамайды. Бұл айуандардың басында не бар өзі?" – деп жазды Оразбақова.


 


Сондай-ақ ол күдіктінің ұсталар кезінде өз тамырын кесіп тастағанын, алайда оның тірі қалғанын айтты. Енді ер адам жазадан құтыла алмайды.

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Күдікті ұсталып, полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.

Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Санжар Әділов әйел адамға жасалған шабуыл туралы ақпаратты растады. Қазір бұл оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

"Осы факт бойынша бізде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл қылмыстық істі тергеу алгоритміне сәйкес, кешенді медициналық сараптама тағайындалады. Толығымен өз бақылауыма алдым", – деді Санжар Әділов.

Жанна Оразбахованың айтуынша, бұрынғы ерлі-зайыптылардың төрт баласы туыстарының қарауында. Қазір қорғаншылық органдары мен ювеналдық полиция өкілдері де жағдайды шешуге тартылған.

Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысында ер адам бұрынғы әйелін жұмыс орнында өлтіріп кетті деген күдікке ілінген еді.

Талқылау