Шымкентте жол көлік оқиғасына кінәлі жүргізуші 5 жылға бас бостандығынан айырылды
Шымкентте жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізуші 7 жылға жүргізуші және бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жәбірленушілерге 10 миллион теңге айыппұл төледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Шымкент қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынының мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (жол жүріс қағидаларын бұзып, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соққан) бойынша айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық іс ашық сот отырысында қаралған.
"Ол 2024 жылдың шілде айында Toyota Camry маркалы автокөлігімен бағдаршамның жасыл түсіне тура бағытта басты жолмен, яғни Арғынбеков көшесімен Жібек жолы көшесі бағытынан, Шаяхметов көшесі бағытына қарай қозғалып келе жатқан KIA K5 маркалы автокөлігін өткізіп жіберместен, онымен соқтығысып, абайсызда екі адамның өліміне, бір адамның денсаулығына ауыр, екі адамның денсаулығына орташа зиян келтіруге әкеп соққан жол-көлік оқиғасын жасаған", – деді Шымкент соты.
Сонымен қатар жол-көлік оқиғасының салдарынан KIA K5 автокөлігінің жолаушылары кәмелетке толмаған 2006, 2009 жылғы жәбірленушілер алған дене жарақаттарынан қайтыс болды. Ал 2008 жылғы жәбірленуші денсаулығына орта және Toyota Camry маркалы автокөлігінің жолаушысының денсаулығына ауыр дәрежелі зақым келген.
Прокурор сотталушыға көлік құралдарын жүргізу құқығынан және бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер прокурордың осы ұстанымымен келісе отырып, материалдық және моральдық залал өндіруді сұрады. Сотталушы кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
"Сот Н-ны Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған көлік құралдарын жүргізу құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Талап-арыз ішінара қанағаттандырылып, жәбірленушілердің пайдасына 10 миллион теңге өндірілді. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеуге деп белгіледі. Үкім заңды күшіне енбеген", –делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін жүргізуші куәлігі жоқ бола тұра ішімдік ішіп, көлік басқаратын қазақстандықтарға жаза қатаңдатылатынын жаздық. Көлікті мас күйінде басқарғаны үшін заң бойынша 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түріндегі жаза қарастырылған. Мас күйінде көлікті қайталап жүргізу жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырумен және 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Жыл басынан бері мұндай 227 адам анықталды, олардың көпшілігі бұрын сотталған.