Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте жекеменшік балабақшада күтуші баланы тепкілеп, бетінен сызғышпен ұрған

Фото: Видеодан скрин

Шымкент қаласында "Ай Көркем" балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі үш жасқа толмаған баланы тепкілеп, бетінен сызғышпен ұрған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жәбірленушінің анасы Салтанат Есіркепованың айтуынша, күтуші баласын екі сағат бойы сызғышпен бетінен ұрып, теуіп, сүйреп, құлатып, ішінен ұрған.

"Таңғы сағат 10:00-де ұлымның жағдайын сұрадым. Тәрбиеші жағдайы жақсы екенін айтты. Алайда дәл сол уақытта баламды ұрып жатқан екен. Ұлымның тоқтаусыз жылағаны сонша, дауысы қарлығып, күші қалмаған. Бейнебақылау камерасы арқылы қарасақ балам еденде жатты. Оның ұйықтап қалғаны немесе есін жоғалтқаны белгісіз. Сағат 16:30-да ұлымды алып кетуге келсем: "анашым, күтуші мені қатты ұрды, мен қатты жыладым" деп айтты", – дейді баланың анасы. 

Оның айтуынша, тәрбиеші бастапқыда баланың жай ғана құлағанын, сондықтан оның беті қызарып кеткенін айтқан. 

"Келесі күні басшылыққа шағымданып, бейнебақылау камерасына түсірілген видеоларды көрген соң шындықтың беті ашылды. Күтуші баламның бетінен сызғышпен ұрған. Күтуші жақпа майын жағып, соққы ізін жасырмақ болған. Балабақша басшылығы бәрін біле тұра, болған оқиғаны жасырмақ болды", – дейді әйел. 

Жәбірленушінің анасы дәлел ретінде әйелдің күтушіге ештеңе айтпауға кеңес беріп, баланың жай құлап қалғанын жеткізуді ескерткен видеоны ұсынды.

Ол жерде күтуші қыз басшысының ата-ананың көзінше спектакль қоямыз деп айтқанын жеткізді.

“Осы жерде жұмыс істеп жүргендей боласың. Сосын сен ата-ананың көзінше жылайсың. Мен сенің үстіңнен арыз жазып жұмыстан шығарып жіберемін. Сен заттарыңды жинап кетіп қаласың, деп айтты”, – дейді күтуші қыз жылап тұрып. 

"Ай көркем" балабақшасының меңгерушісі Нұргүл Мамашарипова аталған жағдайды ресми түрде растады. Ол  2025 жылы 4 маусымда балабақшада келеңсіз оқиға орын алғанын хабарлады. 

"Мұғалімнің көмекшісі азамат А., ішкі бұйрыққа сәйкес жұмыстан босатылды. Ереже мен талаптарды бұзатын мұндай қызметкерлерге біздің ұжымда орын жоқ”, – деді ол. 

Сондай-ақ Мамашарипова балалардың қауіпсіздігі мен білім сапасы мекеменің басты міндеті екенін баса айтты. 

"Болған оқиғаға қатты өкінемін. Барлық ата-аналарға түсіністікпен қарауды сұраймын. Кешірім сұраймын!", – деді ол. 

Қазір аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Жақын арада сотқа жолданады екен. 

Бір қызығы, бұдан бөлек жарақат алған бірнеше бала бар. Мұны Stan.kz тілшісіне жәбірленуші баланың анасы Салтанат Есіркепова мәлімдеді. Есіркепованың айтуынша, тәрбиешінің дипломы жоқ, колледждің 1 курсын аяқтады деген құжаты ғана бар екен. 

Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада балабақша қызметкері кішкентай қызды қайнаған суға күйдіргені туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 09 Маусым, 2025 19:20
Талқылау