Шымкентте жаяу жүргінші жолағынан өтпек болған оқушыны көлік қағып, қаза тапты (видео)
Фото: Stan.kz
Шымкентте жаяу жүргінші жолағынан өтпек болған оқушыны көлік қағып, қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы оқиға 28 қыркүйек күні болған. Түскі уақытта туысының үйіне келе жатқан қыз жолдың бергі бетіне өтпек болады. Жаяу жүргіншілер жолағының алдында өзге көліктер тоқтап тұрғанымен Toyota маркалы көлігі тежегіш баспаған күйі оқушы қызды ұшырып жіберген.
“Тергеушілер “тормоз берілмеген. Сол себепті біз машинаның жылдамдығын анықтай алмаймыз” деп отыр. Бірақ видеода да анық көрініп тұр. Ол жүргізуші қатты жылдамдықпен келіп, менің қызымды жаяу жүргінші жолынан соғып 60 метр жерге ұшырып жіберген. Оған қатты ми жарақаты деген диагноз қойылған және барлық дене мүшесі яғни иықтары, аяқтары, жақ сүйегі, бас сүйегі барлығы сынғандықтан, денесінінің сау тамтығы қалмаған”, – дейді марқұмның анасы Бақытгүл Оразбаева.
Алған ауыр жарақаттан қыз ауруханаға түседі. 14 күн бойы комада жатқанымен қызды құтқару мүмкін болмаған. 18 күн бұрын көз жұмған Айару Әбдуәлінің анасы қазір әділдік іздеп жүр. Өйткені қызды қақты деген күдікті сол күйі қамалмаған, ол аздай өзімізге қысым жасауға кірісті дейді әйел.
“Қайтыс болғаннан кейін, қамауға алынғаннан кейін бір күннен кейін ақ сот шешімімен үйқамаққа жіберіліп отыр. Менің ең басты талап ететінім адам өлітіріп отырса неге кінәлі ұйқамаққа жіберіліп отыр. 12 қазан күні қаза тапты. Содан бері үйіме тыныштық жоқ. Талап қойып, кешірім бер деп. Қазір мені қысымға алып, қорқытып жатыр, шындығын айтқанда”, – дейді Бақытгүл Оразбаева.
Қара жамылған отбасы тергеу барысына да күмәнмен қарайды. Сөздерінше оқиға түскен бейнежазбаны да, куәгерлерді де тергеушілерге өздері алып барған. Істі жүргізіп жатқан құзырлы орган өкілдері осы күнге дейін не жауап алмай, не іздеп келмей күдігімізді күшейтті дейді отбасы.
Ал Шымкент қалалық полиция департаменті алаңдауға негіз жоқ екенін айтады.
“Аталған жол-көлік оқиғасына қатысты полициямен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз. Қазіргі таңда барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдіктіге қатысты сотпен үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды”, – делінген полиция хабарламасында.
Айару Әбдуәлі биыл ғана 8-сыныпқа өткен екен. Үйінде 4 баланың кенжесі оқуда үздік әрі белсенді оқушы болыпты. Ал оны қаққан көлік жүргізушісі 40 жас шамасындағы банк қызметкері дейді ата-анасы.
"Баланың тірі не өлі екені белгісіз": АҚШ азаматы бұрынғы қазақстандық әйелін баласын "ұрлады" деп айыптап, сотқа берді