Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте университеттің бұрынғы проректоры ақша жымқыру ісі бойынша сотталды

проректор сотталдыФото: Видеодан скрин

Шымкентте Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіндегі ұрлыққа қатысты атышулы сот процесі аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тергеушілердің айтуынша, 2022 жылдың жазы мен күзінде бірінші проректор тендерсіз және мемлекеттік сатып алуды тексерусіз келісім-шарттарға қол қойған. Осыдан кейін үш кәсіпкердің есепшотына 141 миллион теңгеге жуық қаржы жұмбақ жағдайда түсіп, оның 13 миллионнан астамы жоғалып кеткен.

Айыптаушы тараптың айтуынша, алаяқтыққа шаруашылық бөлімінің басшысы, қаржы директоры, кәсіпкер және тағы екі сыбайласы қатысқан. 

Екі жылдан кейін ректор міндетін атқарып жүрген кезінде айыпталушы тағы да келісімшарттар жасасқан. Бұл жолы ол 116 миллион теңгеге. Қаражат екі жауапкершілігі шектеулі серіктестікке және екі жеке кәсіпкерге аударылған. Сатып алынған мүлік тиісті рұқсаттарсыз жөндеу жұмыстарына жұмсалған.

Айта кетейік, ұрланған қаражаттың бір бөлігіне сыбайластар автокөлік сатып алған. Жалпы келтірілген шығын 129 миллион теңгеден асқан, алайда кейін бұл қаражат қайтарылды. 

Сотта прокурор айыпталушыларға нақты бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Университет тарапы бұл істі соттың қарауына қалдырды. Ал айыпталушылар бостандықта қалдыруды өтінді.

Сот олардың шын өкінгенін және кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, үкімді жеңілдетті. Бұрынғы проректор 5 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.

Екі кәсіпкерге 5 жыл 7 ай мерзімге шартты жаза тағайындалды. Тағы екі сыбайлас дәл осындай мерзімге колонияға қамалды.Олардың біреуінің мүлкі тәркіленетін болды. Тағы бір айыпталушыға 1 жылға бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 16 Тамыз, 2025 17:28
Талқылау