Шымкентте үлгерімі төмен студенттер TikTok-тағы алаяқтықтың құрбаны болды

Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінің студенттері ірі алаяқтық схеманың құрбанына айналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпаратқа сәйкес, екі күдікті 2025 жылғы қазаннан бастап TikTok арқылы шымкенттік жоғары оқу орындары студенттерінің парақшаларын бақылап отырған.
“Арнайы боттарды пайдалану арқылы олар қолданушылардың ұялы телефон нөмірлері мен сауалнама деректерін анықтаған. Бұдан кейін күдіктілер оқу орнының порталы арқылы студенттердің мәліметтерін енгізіп, олардың үлгерімі туралы ақпаратты тексерген”, – дейді тергеушілер.
Кейбір студенттердің сынақтан өтуге балы жетпейтінін білген соң, күдіктілер белсенді әрекетке көшкен. Олар жалған нөмірлер арқылы мессенджерде студенттермен хабарласып, өздерін университет қызметкерлері ретінде таныстырған.
Хат алмасу барысында студенттерге сынақтан сәтті өту үшін бір балл жетіспейтінін, салдарынан емтиханға жіберілмеу немесе академиялық қарыз қаупі бар екенін әдейі жалған ақпарат ретінде жеткізген.
“Сонымен қатар олар “мәселені шешіп беруді” және “бағаны толық түзетіп беруді” ұсынған. Өздерінің жалған қызметі үшін күдіктілер әр студенттен 70 мыңнан 80 мың теңгеге дейін ақша талап еткен. Ақшаны алған соң, олар байланысқа шығуды тоқтатқан”, – делінген хабарламада.
Қазіргі олардың заңсыз әрекетінің алты эпизодқа қатысы бары анықталған. Аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде құқық қорғау органдары Халықаралық әйелдер күнінде пайда көремін деп заңсыздыққа баратын алаяқтар көбейетінін ескерткен еді.
25 мың теңгелік автотұрақ: Көк Төбеде туристер есебінен кім табыс тауып отыр?