Шымкентте "ресейлік кәсіпкерге" 174 миллион теңгеге уран сатпақ болған қылмыстық топ мүшелері сотталды
Шымкентте әрекет еткен қылмыстық топ стратегиялық радиоактивті элементті сату арқылы миллиондаған доллар пайда табуды көздеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: studychinese.ru
Қылмысты жүзеге асырмақ болған топ ұсталып, қамауға алынды. Мәліметке сәйкес, топқа радиоактивті заттармен, қалдықтармен, ядролық материалдармен және аса қауіпті жұқпалы ауруларды тудыратын патогендік биологиялық агенттермен заңсыз айналысты деген айып тағылды.
Жақында Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот судьясы Айнель Орақбаева ресейлік миллионерге алты келіге жуық байытылмаған уран концентратын заңсыз сатты деген айыппен алты адамды түрмеге жіберді. Іскер кәсіпкерлер сатып алушы рөлін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел қызметкері атқаратынын білмеген.
Мәліметке сәйкес, Қазақстан табиғи уранның дәлелденген қоры бойынша әлемде екінші орында және әлемдік өндірістің 40 пайызын өндіреді. Алайда, бұл факт елдің стратегиялық резервтері аяқ астында жатыр дегенді білдірмейді. Дархан Әуезханов есімді азамат сотта 2024 жылдың көктемінде Түркістан облысының Созақ ауданынан уран концентратын тауып, Шымкенттегі үйіне әкелгенін мәлімдеген.
Қылмыстық іс материалдарында: Дархан ядролық радиоактивті материалмен айналысып жүргенін білген соң, одан ақша табуға шешім қабылдағанын жеткізген. "Табылғаннан" екі ай өткен соң ол өзінің досы Тельман Өскеновты кездестіріп, үйінде алты келіге жуық уран концентратын сақтайтынын айтқан. Ол материалдың келісін интернетте 350 мың долларға (174 миллион 867 мың теңге) сатуға болатынын, пайданы өзара бөлісетінін жеткізген. Осылайша Өскенов сатып алушыларды іздеген. Ол танысы Хусан Чинорбековке жағдайды баяндап, екеуі клиент іздеген.
Былтыр қыркүйекте Чинорбеков Түркістан облысындағы Сарыағаш курорттық қаласында Нұрлан Әбдірахмановпен кездесіп, өнім туралы айтқан. Ол Тәжікстан азаматы Абдумалик Абдуназаровпен таныстырған жерлесі Ерлан Тәңірбергеновке хабарласқан. Тельман Әбдуназаровтың қолына ұнтақты заттың бірнеше түйіршігін құйып, оралған тауарды Шымкенттегі "Ордабасы" қонақүйінде тұратын Ресейден келген кәсіпкер Иван Самаровичке беруін өтінген.
Сатып алушы сапасын сынап көру үшін бірнеше түйіршікке 1000 доллар (499 мың 620) төлеген.
Иван Самарович арнайы сараптама жүргізіп жатқанда дилерлер бүкіл партияны қонақүйге әкелген. Қылмыстық іс материалдарында стратегиялық тауардың нақты салмағы: 5960 грамм екені көрсетілген. Иван Новиков арнайы қызмет маманы. Ол осылай қылмыстық топты ұстауға атсалысқан.
Қылмыстық іс бірнеше ай бойы тергелді. Сот отырысында Өскенов өз кінәсін толық мойындады. Айтуынша, ол табылған заттың келісі үшін 40 мың доллар (19 миллион 984 мың 800 теңге) алуды жоспарлаған. Қылмыскерлер уран концентратын қалдықтарды қайта өңдеу орнына апарып, өлшеп көрген. Ол шамамен алты келі болып шыққан.
Тәңірбергенов те өз кінәсін толық мойындап, сотта ядролық уранды сатудан ақша тапқысы келгенін айтқан. Әбдірахманов пен Тәңірбергенов Равшан есімді Өзбекстан азаматымен байланысқа шыққан. Ол Абдуназаровты ұсынып, ол өз кезегінде зерттеуге екі грамм алып, кейінірек бұл өнімнің бір килограммы 350 мың доллар (174 миллион 867 мың теңге) тұратынын хабарлаған. Көп ұзамай "сатып алушы" да табылған.
Ал Абдуназаров екі рет сотталғанын, соңғы жазасы 12 жыл екенін айтты. Өткен жылдың күзінде жазасын өтеген ол ақша табу үшін Тәжікстаннан Өзбекстанға келіп, сол жерде Равшанмен танысқан. Оған уран сататын таныстары туралы баяндаған. Көп ұзамай ол кәсіпкерлерді Иванмен таныстырған. Қазан айында Абдуназаров танысы Иванға хабарласып, уран сататын таныстары туралы баяндаған. Хабарлама Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қалалық департаментінде тіркелген. Осылайша Новиковқа қонақүй бөлмесі беріліп, уран операциясы басталған.
Гамма-спектрометриялық зерттеуінің қорытындысына сәйкес, уран өндіру және өңдеу зауыттарында қолданылатын табиғи, байытылмаған U-238 және U-235 уран концентраты заттай дәлел ретінде танылды.
Жалпы, судья Орақбаева сотталушылардың өкінуін, жас балалары бар екенін, ескеріп, аса ауыр емес үкім шығарды. Әуезханов, Өскенов, Чинорбеков, Әбдірахманов және Тәңірбергенов екі жылдан бас бостандығынан айырылды. Абдуназаровқа қосымша бір жыл берілді. Айыпталушылардың әрқайсысынан жәбірленушілер қорына 73 840 теңге төлеуге міндеттеліп, тергеу барысында тәркіленген ұялы телефондары алынды.
Уран Энергетика министрлігіне қарасты Ядролық физика институтына берілді.